Жарияланды: 510

Ақтау: прокурорлар жағажайда суға шомылу қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда

Ақтау маңындағы жағажайда суға шомылу қауіпті. Жергілікті прокурорлар осылай деп дабыл қағуда. Себеп: құтқарушылар тапшы. Сондай-ақ, жағажайлар заңсыз жұмыс істеп келген.  Өңірде суға кеткендер саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Биыл шомылу маусымы  басталғаннан бері  үш адам қаза тауыпты.

Еліміздегі теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала - Ақтаудағы судан құтқару станциясы мамандары үшін нағыз қарбалас кезең басталды. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін жағажайға ағылатын кез бұл. Жағалаудың жалпы ұзындығы отыз бес шақырым.  Ал  аталмыш аумақаумақты күзететін бір ғана станция.

 Садық Мұқпанов, Ақтау қаласының судан құтқару жасағының бригадирі:

- Көбінесе теңізге кеткен балықшыларды құтқаруға тура келеді. Қайықтары бұзылып қалады, не болмаса қатты жел ығыстырып әкетеді.

Калалық прокуратурадағылар да Ақтау қаласы шомылу маусымына дайын емес деп мәлімдеді. Өйткені талап бойынша жағажайды күзететін толық жасақталған бір емес, он бекет болуы керек. Сондықтан осы күнге дейін қала маңындағы жағажайларды кәсіпкерлер заңсыз пайдаланып келген. Себебі олар шомылатын орынның қауіпсіздігін анықтайтын құқықтық әдістемелік ережелердің ескі, отыз жыл бұрынғы нұсқасымен жұмыс істеуде.

Серік Әділұлы, Ақтау қаласы прокурорының аға көмекшісі:

- Атап өткендей, 15 жағажайға берген төлқұжаттарға қалалық прокуратура наразылық енгізіп, заңды күштері жойылды.

Ал судан құтқару қызметінің басшылығы болса, қолда барды жаратып  жұмыс істеп жатқандығын айтады.

Биаман Түйебаев, Маңғыстау облысы ТЖД судан құтқару қызметінің бастығы:

- Қосымша  бекеттер керек. Бұл мәселе министрліктің алдына біраз мәрте қойылып келеді. Әзірге шешімін тауып жатқан жоқ.

Қала маңындағы барлық жағажайлар әуел баста ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Прокурорлар енді осылардың ескірген құжаттарын қайтарып алмақшы. Яғни бұдан былай құтқарушысы жоқ жағажайларда шомылуға тыйым салынбақ. Бұл  тұрғындарға демалатын орын қалмайды деген сөз. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін