Ақтау теңіз айлағын кеңейтуге 27,5 млрд. теңге қажет - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
0 °C
Алматы
2025 Жыл
14 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтау теңіз айлағын кеңейтуге 27,5 млрд. теңге қажет

Ақтау теңіз айлағын кеңейтуге 27,5 млрд. теңге қажет

Ақтау теңіз айлағын кеңейту жобасын жүзеге асыру үшін, құрал-жабдықтарды сатып алуға арналған қаржыны ескермегенде, 27,5 млрд. теңгеден астам қаржы қажет. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімшілігінде теңіз айлағының аясын кеңейту жобасының техника-экономикалық негіздемесін таныстырған "Қазгидро" ЖШС жобаларының бас инженері Владимир Шикупов мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 28 Ақпан 2005
  • 365
Фото - Caravan.kz

Жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік компаниялардың инвестициясын, халықаралық қаржылық құрылымдардың несиесі мен республикалық бюджет қаржысын жұмсау көзделіп отыр, деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақтау теңіз айлағының аумағын солтүстік бағытта кеңейту межеленген. Сол үшін 22 гектар жер бөлінді. Қазір айлақ жалпы алғанда 81,7 гектар аумақты алып жатыр.
Жоба бойынша мұнай тасымалдау ауқымын жылына 20 млн. тоннаға, ал құрғақ жүктер тасымалдау қуатын 3 млн. тоннаға, контейнерлермен жүк тасымалдау көлемін жылына 20 мың контейнерге дейін жеткізу көзделген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 2009-жылы гидроқұрылғылар кешенінен тұратын жаңа гавань құру жоспарланған. Оған мұнай құятын төрт, контейнерлерге арналған екі, әмбебап екі причал, сондай-ақ, экологиялық причал мен шекара қызметінің кемелеріне арналған причалдар енеді.
Ақтау теңіз айлағын кеңейту туралы жобаны үкімет бекіткен жағдайда құрылыс жұмыстары 2005-жылдың аяғында басталады деп күтілуде, дейді В.Шикупов. Құрылыс жұмыстары үш жылда аяқталады. Жобаны қаржыландыру 5 лотқа бөлінген. Олар 5-15 жылда өтеледі.
Ақтау теңіз айлағының аясын кеңейту жобасының техника-экономикалық негіздемесін үкіметтің тапсырмасына сәйкес «Қазгидро» ЖШС жасады. Әйтсе де, облыс әкімінің орынбасары Михаил Бортниктің айтуынша, «бұл — техника-экономикалық негіздеменің алғашқы нұсқасы ғана. Ақырғы нұсқаны әзірлеу үшін оған экологтар, санитарлық дәрігерлер, төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар өз ұсыныс-ескертулерін енгізуі тиіс».

Перейти к новостям спорта