Ақтау теңіз порты қисапсыз көлікті қайда сиғызарын білмей отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтау  теңіз порты қисапсыз көлікті қайда сиғызарын білмей  отыр

Ақтау теңіз порты қисапсыз көлікті қайда сиғызарын білмей отыр

Шіліңгір шілденің жақындағаны әсіресе шетелден көлік алып үлгерсем деген отандастарымызды қинап отыр. Қазір Ақтаудың теңіз портында адам көрмеген қарбалас. Қазақ жеріне жеткізіліп жатқан автокөлік саны да қисапсыз. Кеден қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшсе, теңіз портындағылар көлік сақтайтын қойма таппай әуре. Ал темір тұлпарын күтіп, теңізге телміргендердің алдыңғы қатары апта бойы тұрғандарын айтады. Өйткені порттағылардың мұндай көп жүкті уақытында түсіруге шамасы жетпей жатыр.

  • 17 Маусым 2011
  • 505
Фото - Caravan.kz

1шілде жақындаған сайын арзан көлік алуға «үлгеріп қалсам» деген жұртшылық жанталасуда. Автокөліктің барлығы Біріккен Араб Әмірліктері мен Грузиядан ағылуда. Ол жақтан бізге тек пароммен Каспий арқылы жеткізілетіні белгілі. Сондықтан қазір Ақтау теңіз портында бұрын соңды болмаған қарбалас, күні-түні жұмыс жүріп жатыр.

Ақтау теңіз портында бұған дейін мұншалықты көп көлік тасымалы болмаған. Қазір  уақытша сақтау қоймасы лық толы. Дуалдың арғы  жағында 250-дей автокөлік қаңтарылып тұр. Бұл  сыйғаны ғана, қалғаны сыртқа түсіріліп жатыр. Басқа шара жоқ.  Ал өзге көлік тиеген кемелер кезегін күтіп,жағалауда тұр.

Қазір жағалауға Грузиядан «Кара-караев» кемесі келіп жетті. Оған үш жүздей көлік тиелген. Мұндай тағы бірнеше паром жолда келе жатыр екен. Бірақ қазірдің өзінде теңіз порты мұнша қисапсыз көлікті қайда сиғызарын білмей отыр.

Ал далада көлігін күтіп шаршаған халық  ашу-ызаға булыққан. Алды аптаға жуық уақыт бойы жағалауға жеткен темір тұлпарын тақымдай алмай отыр. Мұнда бәрі тұнып тұрған «көз қысты, бармақ бастылық». «Танысы бар мен қалтасы қалыңдар елден бұрын шаруасын жайғап кетіп жатыр» -дейді көлік иелері.

Аманжол Оразбаев, көлік иесі:

Паромның келген уақытын да айтпайды. Келіп,бір күн тұрып қалса, 38 мың айыппұл салады. Әдейі мафия қылып отыр! Не қыларымызды білмей отырмыз…


Игілік Таутенов, көлік иесі:

— Грузияда он бес минутта құжаттарды рәсімдеп, бекітті де жіберді. Әзербайжанға кірдік — басталды. Қазақстан не, Әзербайжан не — бірдей. Барлық ақшаны  қайтып алды. Не деген сұмдық!

Ақтау теңіз портының басшылығы журналистерге дүрсе қоя берді. Халықпен сұхбаттасқанымызды қаламады-ау, шамасы.

Көлік тасымалының көбейгендігінен кеден қызметкерлері қазір демалыссыз жұмыс істеуде. Бұрын құжаттарды рәсімдейтін бір ғана бекет жұмыс істесе, оған тағы біреуі қосылған.

Аян Сауранбаев, Маңғыстау облыстық Кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары:

— Қазіргі таңда кейбір қазақстандық азаматтар бірінші шілдеге дейін алып үлгереміз деп ойлап жүргені белгілі. Тасымалдаушы компаниялар да уақытында жеткізіп береміз деп, ертеңгі күні ол дер кезінде келмей қалса, көлік иесінің өзі екі есе шығынға батады. Соны халыққа ескерткіміз келеді.

Мәліметтерге қарағандақазір Әзербайжан портында Қазақстанға жеткізілуі тиіс жүздеген көлік тұр. Бәрі де  1 шілдеге дейін елге жетіп, жеңілдетілген тарифпен құжат рәсімдеп үлгергісі келеді. Алайда тариф машинаның ел аумағына жеткен уақытымен емес, құжаттың кеденшінің алдына келген сәтінен бастап қана есептелетіні тағы бар. Сондықтан енді ғана шетелге көлік алуға кеткендердің сан соғып қалуы әбден мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар