Ақтау тұрғыны инфекциялық ауруханадағы сұмдық жағдайды баяндады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтау тұрғыны инфекциялық ауруханадағы сұмдық жағдайды баяндады

Ақтау тұрғыны инфекциялық ауруханадағы сұмдық жағдайды баяндады

Ақтау тұрғыны қалалық аурухананың жағдайын айтып шағымданды.

  • 3 Қыркүйек 2018
  • 25
Фото - Caravan.kz

Жақында ол бес айлық қызымен ауруханаға "Энтероколиттің асқынған түрі" диагнозымен инфекциялық бөлімге түскен. Басынан өткен бұл жағдайды әйел "Ахтунг!" деп сипаттап отыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "ИнАктау" порталына сілтеме жасап. 

"Қызымды дәрі тамызғышқа жатқызды. Үстелге баламды жатқызып қойды, қараудың өзі қорқынышты! Қызымның қан тамырын таба алмай, қып-қызыл болып кетті. Катетер қоюды сұрап едім, маған "Егер сатып алсаңыздар қойып береміз, ондай ауруханада жоқ" деп жауап берді. Ертесі күні қан тамырына дәрі екпейтінін айтқан, алайда қайтадан қызымды жылатып тұрып тамызғыш қоя бастады. "Күйеуім катетер сатып алып келеді, күте тұрсақ болмай ма?" дегенімде "Катетерді қою қиын, біз салмаймыз" деді. Нәтижесінде 15 минут бойы қызымның қан тамырын таба алмай, екіншісін қанатып тастады. Қолы көгеріп кеткен", — дейді Эльмира.  

Келіншектің айтуынша, оны баласымен бірге бір палатаға жатқызған. Бала ояу кезінде дәретханаға бару мүмкін болмаған. Қараусыз қалған уақытта бала аунап, құлап кетуі мүмкін. Мұндай кезде тек манеж құтқара алады. 

"Балалар ояу кезде не дәретханаға, не жуыну бөлмесіне бару мүмкін емес. Олар ұйықтап жатқан кезде біз кезек бойынша баратынбыз. Біреу қарап тұрады, келесісі жуыну бөлмесіне тез барып келеді. Бір манежді сұрап едік, оларды тек аяғы ауыр келіншектерге берілетінін, тек арнайы жағдайда болмаса, жай күндері бермейтінін айтты. Нәтижесінде манежді жуып алдық, енді үш ана қолданып жүр. Дәрігерлер басқаларға кедергі жасайтынын айтты, алайда бізге өте ыңғайлы", — дейді қыздың анасы.

Аурухана тамағы да көңілге қонымсыз екен.


"Кеше бізге таңғы ас алып келді. Мәзірдің ішінде маргарин мен нан және шай берді. Амал жоқтан кімде не бар, сонымен тамақтануға тура келді. Түскі асқа мүлдем сөзім жоқ. Біріншінің іші құры су болды. Бірнеше картоп пен дәл сондай фрикаделькалар болды. Екіншісін сұрағанда, азпаздың өңі бұзылып кетті. Оның ішінде бір қасық пюре мен фаршқа ұқсайтын тамақ жүрді", — дейді ол. 

Эльмираның айтуынша, дәрігерлер артынан қалмай ем сұрағанда ғана қарай бастаған. 

"Бізге тек кешке таман ем жазып берді. Күйеуім сатып алып келуі үшін дәрілерді жазып беруін сұрадым. Алайда, сұрауыма ешкім кірпік қақпады. Кейін дәрігер маған оларда дәрі санаулы екенін, мені шу шығарады деп қорыққанын айтты. Кешке таман дәрілерді алып келді. Дәрігер маған дәрінің дәмі ашты екенін, құсып жіберуі мүмкін екенін айтты. Бірнеше екпе жазып берді. Ыстық су бұл жерде мүлдем жоқ. Баланы жуындыру тұрмақ, бетін жууға су тастай", — дейді анасы.

Эльмира тазалық жағынан шағымы жоқ екенін, алайда одан келіп түсер пайда жоғын айтып налыды. 

"Еден жууышылар күніне бірнеше рет келіп бөлмені тазартып тұрады. Бірақ олардың тазартқаны төбедегі қара түсті түсіп бара жатқан қабырғаға әсер етпейді. Таңдап жөндеу жұмыстарын жүргізгені көрініп тұр. Барлығы түсіп бара жатыр. Бір қызығы аурухананың бұл жағдайын бәрі біледі, бірақ ешкім айтпайды", — дейді ол.