“Ақтөбе” футбол клубының бас бапкері қызметінен босатылды
|
Астана шаршы алаңы, бокстан Қазақстанның 2012- жылғы чемпиондарын анықтап берді. Шлемді шешкен боксшылар додасында күтпеген жаңалықтар аз болған жоқ. Былтырғы чемпиондарымыздың көпшілігі өз атақтарын қорғай алмады.
Енді өз салмақтарында топ жарған еліміздің үздік боксшыларымен таныс болыңыздар: 48- келіде Біржан Жақыпов (Оңтүстік Қазақстан облысы) , 52-де Ілияс Сүлейменов (Астана), 56-да Қайрат Ерәлиев (Оңтүстік Қазақстан облысы), 60-та Берік Әбдірахманов (Маңғыстау облысы), 64-те Мерей Ақшалов (Астана), 69 келіде Данияр Елеусінов (Астана), 75-те Жәнібек Әлімханұлы (Алматы облысы), 81-де Қарағанды өңірінің өкілі Алмат Серімов чемпион атанса, ауыр және аса ауыр салмақтарда қаракөз бауырларымызға алтын жүлде бұйырмады. Бұл категорияларда қостанайлық Антон Пинчук пен ақмолалық Жан Кособуцкий ерек шықты.
“Ақтөбе” футбол клубына алты жыл бас бапкер болған Владимир Муханов қызметінен босатылды. Ресейлік маман осы уақыт аралығында “Ақтөбені” үш рет ел чемпионы қылған. Сондай-ақ екі жыл қатарынан Муханов шәкірттері ел біріншілігінде күміспен күптелді.
Алайда соңғы маусымдарда мардымды ойын көрсетпеген “Ақтөбе” алдына қойған негізгі мақсаттың үдесінен шықпады. Ел біріншілігін үшінші орынмен аяқтаған ақтөбеліктер еурокубокқа жолдама алғанымен чемпиондар лигасында доп теппейді. Ішкі чемпионатта “Ақ жайыққа” өз алаңында жол бергенде, Муханов өз қызметін босатқысы келетінін де жасырмаған. “Ақтөбе” басшылығы жақын уақытта отандық жаттықтырушылардың бірін шақыруы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл қызметке Өзбекстан құрамасының бұрынғы бапкері Виталий Абрамов келуі де ғажап емес.
Турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатқан «Баварияның» жеңісті жолы 14-турда да жалғасын тапты. Бұл жолы мюнхендік футболшылар сырт алаңда «Фрайбургті» қапы қалдырды.
«Баденова-Штадиондағы» алғашқы гол көрермендерді көп күттірген жоқ. Кездесудің 13-минутында алаң иелері тарапынан ойын ережесі бұзылғанын анықтаған төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Мұндай мүмкіндікті бос жібермеген «Баварияның» сұр мергені Томас Мюллер қақпашыдан айласын асырып кетті. Осы голдан кейін жергілікті клуб бір футболшысымен қоштасуға мәжбүр болды. Ойыннан қуылған қорғаушы Фаллу Дьянь өз командасын қиын жағдайға тап қылды. Бірақ мұнымен мойымаған «Фрайбург» ара-кідік алғы шепте батыл қимылдарға барып көрді. Әліптің артын баққан қонақтар осындай эпизодтың бірінде алаң иелерін екінші рет сан-соқтырды. Бұл жолы Филипп Ламның ашық аймаққа шығарып берген пасын керемет голмен түйіндеген Анатолий Тимощук көзге түсті. Есеп 2:0.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін