Жарияланды: 450

Ақтөбе іргесіндегі тұрғындар өз ауылдасын сотқа берді

Ақтөбе іргесіндегі Оңтүстік-батыс атты елдімекен тұрғындары ауылдасын сотқа берді. Себебі: ол жалғыз көшенің қақ ортасына үй салып, көлік қозғалысына кедергі келтірген. Бұған таң қалған судьяның өзі алғашқы тыңдауды сол жерге барып өткізді. Ал дауға айналған баспананы жол бойына салуға кезінде қалалық әкімдік рұқсат беріпті.

Үй Оңтүстік-батыс елдімекеніндегі жалғыз көшенің қақ ортасына салынған. Сондықтан ауыл екіге бөлініп тұр. Оның екінші жартысына автобустар қатынамайды; тұрғындарбірнеше шақырымды жаяу жүреді.

Дауды шешуге келген соттың өзі діттеген жеріне көлігімен жете алмады. Судья жол ортасына үй салынғанын көзбен көріп, тұрғындар наразылығын тыңдауға келген еді.

Мұрат Ізмағанбетов, Оңтүстік-батыс ауылының тұрғыны:

- Баламызды ертіп жүре алмаймыз, жедел жәрдем де келмейді. Негізгі  екі көшені, үш көшені салып тастады. Үш көшемен айналып өту үшін сонау Оралдың тас жолын айналу керек.   

Бұл үйдің құрылысы алты жыл бұрын басталған. Сол кезде оның көше бойында кесе көлденең тұрғанын айтып, ауыл тұрғындары көршісіне талай ескерту жасапты. Бірақ ол құлақ аспаған.

Иса Жанпейісов, Оңтүстік-батыс ауылының тұрғыны:

- Халық жалынып жалпайып сұрағанда,ешқандай шешім бермеді. Бұның да бір «жақсы көретін» адамдары бар шығар. Біз енді халық болып, ел болып, не де болса осы жолды ашуды сұраймыз.

Жолдың дәл ортасынан бой көтерген жеке тұрғын үйді көршілері  бұзып тастау керек деп есептейді. Соттан да соны сұрап отыр. Ал үй иесі болса,өзінің еш кінәсі жоқтығын, жер телімін қалалық әкімдік бөліп беріп, баспана тұрғызуға рұқсат алғанын айтады. 

Үй иесі:

- Кім болса да үйінің бұзылғанын қаламайды, тіпті құмырсқа мен құстың да ұясын бұзбайды. «Ұясын бұзған адамның ұясы бұзылады»дейді. Осы үй бұзылсын деген адамның өзінің үйі бұзылсын.

Көшенің қақ ортасына үй салуға рұқсат берген қалалық әкімдіктегілер «мәселені сот шешеді» деген желеумен мәлімдеме жасаудан бас тартты. Ал әзірге сот үкімі шықпай, ауылдастар дауы бітпейтін сыңайлы. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть