19-ақпанда аудан орталығы — Қандыағаш қаласының тұрғыны Мейрамгүл Нұрбаева салмақтары 2 килоны құрайтын торсық шеке екі ұл мен бір қыз баланы дүниеге әкелді. Әйел өзінің үш бірдей егіз бала көтеріп жүргенінен бейхабар болған.
Нұрлан Сейітқамаловтың айтуынша, Мұғалжар ауданында бұрын-соңды үш егіз туылмаған. Осыған байланысты әкімшілік жас ата-ананы айрықша қамқорлыққа алуға шешім қабылдады. » 10 ай мерзіммен коммуналдық қызметтер төлемінен босатумен бірге Нұрбаевтар отбасы үшін балалардың бағым-күтіміне қолғабыс жасайтын әлеуметтік қызметкер тағайындамақпыз»,- деді әкім. Аудандық әлеуметтік қорғау қызметі отбасының тұрғын үй ахуалын тексеріп көреді. «Қажетті жағдайда отбасына жеке пәтер бөлінеді»,- деп сендірді аудан әкімі.