Жарияланды: 410

Ақтөбе облысы: үйлерінде қарулары барлар өз еріктерімен тапсыруы керек

Ақтөбе облысы ІІД-нің басшылығы аймақта қылмыстық топтың жойылуына байланысты Темір ауданының халқын қаруларын өз еріктерімен тапсыруға шақырды, деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиев.

«Соңғы оқиғаларға байланысты (қылмыстық топты жою - ҚазТАГ) Ақтөбе облыстық ІІД басшылығы Темір ауданының халқын қаруларын өз еріктерімен тапсыруға шақырады», - деді А. Иманғалиев сейсенбі күні ҚазТАГ тілшісіне. Бұл үндеуге үн қатқандар қару сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады, деді А. Иманғалиев. Ол Темір ауданының аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткенін еске салды. ҰҚТ мүшелері дін идеяларын жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан. 26 маусымда ұйымдасқан қылмыспен және экстремизммен күрес басқармаларының қызметкерлері «Mercedes» маркалы автокөлігін тоқтатып, оны тінту барысында «ПМ» тапаншасы, екі шолақ қару, оқ-дәрі тәркіленген. 30 маусым күні түнде Темір АІІБ-нің полиция бекетіне Mitsubishi Delica көлігіне мінген белгісіз біреулер келіп, патрульдік автокөлікке оқ жаудырған. Кеңқияқ ауылдық полиция бөлімінің сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев оқиға орнында көз жұмды. Кейін Құмсай ауылының қасындағы, Шұбаршы ауылынан 6-7 шақырым қашықтықтағы қалың қамыстың арасын тексеру барысында белгісіз біреулер қамысқа жақындаған «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлеріне оқ атқан. Арнайы жасақ жауынгері Руслан Жолдыбаев қаза болып, үшеуі жарақат алды. 8 шілдеде полицейлерді өлтірді деген күдіктілерді анықтау шаралары барысында «Сұңқар», «Бүркіт» оперативті топтары Кеңқияқ ауылының аулаларын тексерді. Мұнайшылар көшесіндегі №2 үйден полиция қызметкерлеріне қарсы қарудан оқ атылған. Арнайы бөлімшенің қызметкері, полиция майоры Айболат Иманбаев оқиға орнында көз жұмды. Қылмыскерлер үйден 50 метр жерде тұрған Кеңқияқ ауылдық полиция бөлімінің автокөлігіне де оқ атқан. Полиция сержанты Тұрарбек Ешмағанбетовжараланды.Ауыл тұрғындарын эвакуациялау шаралары қолға алынды. Күдіктілер берілу туралы ұсынысқа оқ атып жауап берді. Қарулы атыс қараңғы түнге дейін жалғасты. Кейін ІІМ-нің арнайы бөлімшелері үйді және жақын аумақты қоршауға алды. Қылмыскерлер жасырынып отырған үйді шабуылмен басып алу операциясы таңертең ерте басталды. 9 шілде түске қарай аяқталған арнайы операция барысында қарулы қарсылық көрсеткен 9 қылмыскер қаза болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін