Жазық ауылындағы жердің барлығына кәсіпкерлер иелік етіп, мал жайымы үшін ұлтарақтай жер де қалдырмаған. Жұрт енді қорадағы мал санын жаппай қысқартуға мәжбүр.
Кеулімжай Балмұратов, Жазық ауылының тұрғыны:
— Біз тек қана қоршауда отырмыз. Жан-жағымыз егіс. Дым жер жоқ. Бұны шағымданып әкімге де, басқаға да бардық. 10 жыл болды. 10 жылдан да асты. Нәтиже жоқ.
Сағидолла Қонақов, Жазық ауылының тұрғыны:
— Мал ұстауға мұрша жоқ. Арқандауға забор түбіне барамыз. Сымға оратылып өзіміз әрең қайтамыз.
Ауылға ең жақын деген мал жайымы елу шақырым жерде. Оған жету үшін төрт түлікті бір соқпақпен айдап апару қажет. Онда да шөбі сидаң, әрі мал суартын су атымен жоқ. Көк шөпке жарымаған төрт түліктің егін алқабын отап кетіп, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар арасында да кикілжің болып тұрады. Бұл олқылыққа әкімдіктегілер болса қол қусырып қарап отыр. Себебі жер жекенікі болғасын қолдарынан келетін қайран жоқ.
Мәжит Қалиев, Хромтау аудандық жер бөлімінің бастығы:
— Бұл жер бұрыннан мал шаруашылығына есептелмеген. Қазіргі уақытта егін алқабын көшіруге мүмкіндік жоқ.
Ауылдың аты Жазық болғанымен, өрісі тарылып барады. Жайылымның жоқтығынан тұрғындар қорадағы мал санын азайтуға мәжбүр. Төрт түліктің арқасында күнелтіп отырған жазықтықтар алдағы күндері не боларын білмей дал.