Ақтөбе облысын дүрліктірген қылмыстық топтың көзі жойылды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбе облысын дүрліктірген қылмыстық топтың көзі жойылды

Ақтөбе облысын дүрліктірген қылмыстық топтың көзі жойылды

Ақтөбе облысын дүрліктірген қылмыстық топтың көзі жойылды. Күдіктілерді құрықтау кезінде қарулы қақтығыс болып, 9 қарақшы мен арнайы жасақтың тағы бір сарбазы оққа ұшқан;  екі тәртіп сақшысы ауыр жараланды. Бүгін соңғы екі күдікті де қолға түсті. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Шұбарши ауылында қаскөйлердің қолынан ішкі істер бөлімінің екі қызметкері мен арнайы жасақтың сарбазы қаза тапқан еді. Ауылтұрғындарының айтуынша, бүлікті бастаған теріс діни ағым өкілдері.

  • 12 Шiлде 2011
  • 542
Фото - Caravan.kz

Бір аптаға ұласқан операция кезінде тәртіп сақшылары жұма күні кешқұрым қылмыскерлердің ізіне түскен. Олар Кеңқияқ ауылындағы Мұнайшылар көшесіндегі үйде жасырынып жатыпты. ІІМ-нің «Сұңқар» және «Бүркіт» арнайы жасақтарының сарбаздары қылмыстық топты құрықтау кезінде қарулы қарсылыққа тап болған. Тірідей беріспеуге бел байлаған тоғыз адам жасырынған үйлерінде өлтірілді.

Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы:      

Полицейлердің  «беріл»деген талаптарына күдіктілер қарсы оқ жаудырды. Ұрыс түнге дейін жалғасты.  Үйді шабуылдау барысында ішкі істер әскери қызметкеріСейітжан Қалжанов та оқ жарақатын алды.

Тағы бір тәртіп сақшысы Тұрарбек Ешпағанбетов ауруханада ем алып жатыр. Ал  қандықол қылмыскерлерді ұстау барысында полиция майоры Айболат Иманбаевқа оқ тиіп, ол оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Өлтірілген тоғыз қылмыскердің алтауы іздеуде жүрген басты күдіктілер болса, қалған үшеуі сыбайластары екен. Тәртіп сақшыларының өліміне қатысы бар соңғы екі күдікті бүгін ұсталды. «Осылайша қылмыстық топтың барлық мүшелерін таптық, олар — діннің атын жамылған кәдімгі қылмыскерлер», -деді Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Демеуов.

Марат Демеуов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Діни идеяны жамылып,  өздері қылмыспен айналысқан азаматтар болды. Қазіргі уақытта анықталып отыр. Олардың жасаған 9 қылмысы,оның ішінде ұрлықтары бар.

Қазір Шұбарши, Кеңқияқ ауылдары әлі де полицияның жіті бақылауында. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиғаның ушығуына теріс діни ағымдарының ықпалы тиген. Өкілдері жергілікті мешітті иемденіп алып та жүрді.


Ардақ Құбашева, Шұбарши ауылының тұрғыны
:

— Қөзқарастары бөлек. Адасушылықбар. Соның салдарынан  бұлар, ең бірінші, оқушыларды бүлдіріп отыр, кішкентай балаларды.

— Сонда оқушылар мешіттің ішіне қонып жүрді ме?

— Мешіттің ішіне қонып жүрді.

Бибі Тамабаева:

— Мешітке жұма күні жиналады. Менің балам  ылғи барады, жұма  сайын.  Бұрын тым жақсы болып келетін еді, мешіт ашылған алғашқы жылдары. Міне, осы екі-үш ай болған шығар, мешітке барғанда, келіншегі  «түнеріп келеді» дейді.  Не болса соны, бірдеңелерді айтып келеді,«жихад-михад», «сөйту керек»деп

Көзі жойылған қылмыстық топтағылардың барлығы өрімдей жас жігіттер. Көпшілігі жұмыс істемейді. Тек ауылдағы мешітте уақыттарын өткізеді екен. Оны осыдан екі жыл бұрын  «лаңкестік топ құрған»деген айыппен 17 жылға сотталып, кейін түрмеде қайтыс болған Азамат Кәрімбаев тұрғызған. Сол уақыттан бері мешітке имам тұрақтамапты. 

Ақтөбе облысының бас имамы Әбу Мүтәліп аталмыш мешітке осы аптаның соңына дейін «имам тағайындаймын»деп мәлімдеді. Дегенмен ауыл тұрғындары елді дүрліктірген  аталмыш оқиғаның бір шетін қара алтынмен байланыстырады. Себебі: жұмыссыз жүрген жігіттер ауыл шетінен өтіп жатқан мұнайды ұрлап күнелтеді екен. Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарындағы атыс-шабысқа қатысты көңілде көп сұрақ бар. Қылмыскерлер қаруды қайдан алды? Олардың сыбайластары бар ма? Тағы басқалары. Бірақ бұған қатысты ешбір құзырлы орган ләм демей отыр. 

Соңғы жаңалықтар