Жарияланды: 690

Ақтөбе облысында аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау бойынша шұғыл операция!

Ақтөбе облысында аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау бойынша шұғыл операция қолға алынды. Өткен сенбіде қылмыскерлердің қолынан арнайы жасақ сарбазы мерт болып, үш тәртіп сақшысы жараланды. Бұл қайғылы оқиға Шұбаршиауылында екі полиция қызметкерін атып кеткендерді ұстау шарасы кезінде орын алды. Қазір Шұбаршиді   Ішкі істер министрлігінен жіберілген арнайы жасақ пен әскери бөлім жауынгерлері қоршауға алған. Әзірге алты адамға іздеу жарияланды. Оларды ұстауға көмектескендерге әр қылмыскер үшін 100 мың АҚШ доллары тағайындалды. Полицейлерді атып өлтіргендердің діни ұйымға қатысы барын құзырлы орган растамады да, жоққа да шығармады. Тәртіп сақшыларына қарсы шабуыл жасаған тараптан да шығын бар көрінеді.

Осыдан төрт күн бұрын Ақтөбе облысында екі тәртіп сақшысын қызметтік көліктерінде отырған жерінен қаскөйлер атып кеткен. Осы оқиғаға байланысты ірі көлемді іздестіру шарасы жүргізілді. Басты алты күдікті мен оның жақтастары Шұбарши ауылының іргесіндегі Қостан орманына жасырынған. Сол жерде атыс болып,арнайы жасақтың бір сарбазы мерт болды.

Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы:

- Арнайы жасақтың қызметкері біреуі көз жұмды, үшеуі жараланған. Ол жаңағы арнайы операция өткізу барысында жаралынған.

 Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан арнайы жасақтың сарбазы Руслан Жолдыбаев бүгін жерленді. 35 жастағы жігіттің артында жұбайы мен 7 жасар қызы қалды. Ал жарақат алған үш тәртіп сақшысы қазір ауруханада. Құзырлы орган да, дәрігерлер де олардың хал-жағдайы туралы ләм демей отыр.

Шұбарши ауылының тұрғындары екі күн қатарынан болған атыстан қорқып қалған. Сырттан келген адамды көрсе, қаша жөнеледі. Ал елдімекенді Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы мен әскери бөлімшелердің жауынгерлері қоршауға алыпты. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскерлердің жақтастары орманда әлі жасырынып жатыр және ауыл маңындағы газ құбырын жарамыз деп қорқытуда. Тәртіп сақшылары қарсы тараптан да шығынның барын растады. Ал ауыл тұрғындары қанды оқиғаның ауылға облыстың бас имамы келіп кеткен соң болғанын айтады.

- Атыстан бір күн бұрын облыстан имам келіп, жиналыс жасаған. Ауылдың әкімі болған,Кеңқияқтан. Не дегенін құдайым білсін... Полициялықтарды  қуып

Шұбарши ауылындағы мешітте үш жылдан бері имам жоқ. Себебі: ресми мешіттердің ұстанымын қолдамайтын мұсылмандар жеке топ құрып, діни жоралғыларын бөлек жасауға бейім. Кей мәлімет бойынша, күдіктілердің барлығы сол топтың мүшелері екен. Бірақ құзырлы орган өкілдері олардың діни ұйымға қатысы барын растамайды және жоққа да шығармайды.

Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы:

- Ақпарат қазір тергелу үстінде. Оны нақты дәлелденбегесін,айта алмаймыз. Дәлелденген соң хабарлаймыз.

 Тәртіп сақшылары басты алты күдіктінің есімдерін де жариялады. Олар: Тоқтарбек Мәмбетов, Ақылбек Мәмбетов, Бектемір Оразов, Айбек Жұмағазин, Қуаныш Әлімбетов, Мирас Қаражанов және Бектемір Оразов. Күдіктілердің орта жасы 22-25 шамасы, үлкені  43-те.

Полиция қызметкерлері осы аталған күдіктілердің өзге аймақтарға өтіп кетуі мүмкін деп ойлайды. Себебі:қоршауға алынған орманнан сытылып шығып, қуғын кезінде қара үзіп кетулері де ықтимал.  Сондықтан қылмыскерлерді құрықтауға көмектескен адамға 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалды. «Күдіктілердің бой тасалаған жері туралы ақпарат берген адамның кім екендігі құпия күйде қалады, қауіпсіздігіне кепілдік береміз»  - дейді облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін