Жарияланды: 660

Ақтөбе облысында атыспен аты шыққан екі ауыл тұрғындары өңірді аралауға келген жаңа әкімнің жүзін көре алмады

Атыс-шабыс болып, елді дүрліктірген Ақтөбе облысының Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарына өңірдің жаңа басшысы ат басын бұрды. Бірақ келді деген аты болмаса, келелі мәселелерін айтуға келген жұрттың әкімге қолы жетпеді. Қасындағы нөкерлері ауыз аштыру былай тұрсын, маңына да жолатпаған. Ал ауыл халқы, атысқа ұсласқан оқиғаны әлеуметтік жағдаймен байланыстырып отыр. Себебі тұрғындардың барлығы дерлік жұмыссыз. Ұрлы-қарлық, жат ағымдарға уағыздаушылар осыдан кейін белең алған.

Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарына бұған дейін облыс басшыларынан ешбірі ат басын тіремепті. Атыс-шабыстан үркіп қалған жұрт «әкім келеді» дегенді естіген соң, таң сәріден ауылдың орталық көшесіне жиналған. Бірақ елді дүрліктірген оқиғадан кейін халықтың жайын білмекке келген шенеунікке мұң шақпақ түгілі, жүзін көре алмай қалдық дейді тұрғындар.

Шұбарши ауылының тұрғыны:

-Өмірімізде осы 53 жылдан бері тұрып келе жатырмыз Бірінші рет келіп тұр. Областной әкім дегенді көруден аманбыз. Онда да міне, сөйлегені естімей, не айтып жатқаны белгісіз. 

Ауылға келген әкімді тәртіп сақшылары қоршап алған. Мәселесін айтпақ болған тұрғындарды шенеунікке жолатпайды да. Сірә әкім шу шыққан ауылдан әлі сескеніп жүрген болса керек. 

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:

-Неге, кездесіп жатырмыз ғой жұрттың бәрімен. Автомат ұстаған сарбаздар сол жақта тұрды.

Естеріңізге сала кетсек, бір ай бұрын осы ауылдарда атыс болып, екі тәртіп сақшысы мен арнайы жасақ сарбаздары мерт болған. Кейін қылмысқа қатысы бар 9 адамның көзі жойылды. Тұрғындар бұл оқиғаны әлеуметтік жағдаймен байланыстырады. Себебі мұнда екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетерлік.

Ханзира Қалқамова, Шұбарши ауылының тұрғыны: 

Мұнайдың жері дейді. Мұнайдың жерінен бізге пайда жоқ ешқандай да. Тек әшейін мына мұнайды жұтып, баламыз ауру, өзіміз ауру.

Оның үстіне жат ағымның жетегінде кете бастаған жастарға жөн сілтейтін жөні түзу молда да жоқ бұл ауылда.Енді мұндағы жұрттың көбі Діни басқарманың ұстанымын қолдамай, жеке топ ретінде жоралғыларын бөлек жасауға көшкен. Жаңа тағайындалған имамның уағызына да көпшілік мойынсұнбайды.

Нұрмұхамбет Бижанов, Шұбарши ауылындағы мешттің имамы: 

Жастар ілімсіз бір жағы. Былай тартса былай кетеді, былай тарса былай кетеді дегендей ілім жоқ себебі.

Дегенмен әкім жыл соңына дейін Шұбарши мен Кеңқияққа жол салып, ауыз су құбырын жүргізуге уәде берді. Ал тәртіпті күшейту үшін осы екі ауылдың өзінде отыз полиция қызметкері еңбек ететін болады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін