Ақтөбе облысында мас мұғалім оқушыларды пышақпен қорқытқан - kaz.caravan.kz
  • $ 541.93
  • 636.71
+36 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбе облысында мас мұғалім оқушыларды пышақпен қорқытқан

Ақтөбе облысында мас мұғалім оқушыларды пышақпен қорқытқан

Ақтөбе облысында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі араққа сылқия тойып алып, оқушыларды пышақпен қорқытқан. Балалардың шошынғаны сондай, кейбіреуі сол жерде талып қалыпты. Ал мектеп директоры болса ұстазды жазалаудың орнына, қарамағындағыларға осы оқиға туралы жақ ашпауға бұйырған. Себебі дене шынықтыру пәні мұғалімі оның туған інісі екен. Бұған ашынған ата-аналар оқытушымен бірге директордың да қызметінен кетуін талап етуде.

  • 14 Ақпан 2013
  • 448
Фото - Caravan.kz

— Ағай, ағай қойыңызшы.

— Тарт қолыңды!

Мынау қолына пышақ ұстап, мектепте мас күйінде сес көрсетіп жүрген Степной ауылындағы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Кеулімжай Махмұтов. Сабасына түсірмек болған әріптестеріне әл бермей, оқушылардың зәрі-құтын қашырған.

Пышағы бар. Спорт залдың іші қан-қан болды.

— Қай жақтың қаны?

— Оның мына жері қан болды.

— Қолында пышағы бар ма шынымен?

— Иә.

— Сендер қайда тығылдыңдар?

— Столдан әрі қарай. Артқа қарай қашып кеттік.

Оқытушының оғаш қылығынан шошынған төрт оқушы сол жерде талып қалған. Кеулімжай Махмұтовтың арақ ішіп мектепте әңгіртаяқ ойнатуы алғаш емес дейді әріптестері. Бірақ оны ашып айтудан сескенеді. Себебі, осыдан үш жыл бұрын мектеп директоры болып тағайындалған Майра Бисенбина жұмыссыз жүрген інісін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қылып орналастырыпты. Ал келінін өзінің орынбасары қылып тағайындаған. Осы оқиғадан соң қарамағындағыларға жақ ашпау туралы бұйырыпты. Өзі тілшілердің келетінін естіп ауылдан тайып тұрған.

Бұл оқиғаны естіген ауыл тұрғындары жағаларын ұстап отыр.Енді тағы осындай оқиға тағы қайталанды ма деп мектепте кезекшілік ұйымдастырыпты. 


Маруся Тұрлығұлова, Степной ауылының тұрғыны:

Қандай тәрбие береді бұлар?Әрине, естіген кезде қорықтық. Тіптен менің үйдегі балаларым қорқақ еді. Мұндай қылық қайталанбасын мектебімізде, ауылымызда. Дұрыс шарасын қолдансын заң жүзінде.

Степной ауылындағы мына Сазды орта мектебінде болған оқиғаға қатысты ауыл тұрғындары мектеп басшысына өкпелерін айтып отыр. Себебі, білім ордасы директорының інісінің қылығынан шошынған балаларға осы күнге дейін психологиялық көмек көрсетілмепті. Тіпті ата аналарды жинап, олардан кешірім де сұрамаған.

Інісінің қылығын жасырмақ болған мектеп директорына ашынған тұрғындар ауыл әкіміне шағымданыпты.Оқиғаға куә болған ол жазадан ешкім құтылмайды деп сендірді.

Мұрат Бәйсеңгіров, Степной ауылдық аймағының әкімі:

Мен өзім бардым сол уақытта. Өзім шақырдым милицияны. Шешім бір. Ешкім жазадан құтылып кетпейді. Көпбалалы болса да, мектеп директоры және аудан басшылығы жазасын алады.

Қазір Кеулімжай Махмұтов мектептен қуылып, оның ісімен тәртіп сақшылары айналысуда. Ал қарамағындағы туыстарын тезге сала алмаған директор Майра Бисенбинаны қызметінен алу туралы ұсыныс аудан әкімінің қарауына жіберілген.