Жарияланды: 480

Ақтөбе облысында оралмандардың 18 отбасы пәтер кілттеріне ие болды

Хромтау ауданының Көктау ауылында оралмандарға арналып баспана тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгін салтанатты жағдайда оралмандардың 18 отбасы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолынан пәтер кілттерін алды. Барлығы ауылда 200 отбасы үшін 50 төрт пәтерлі үй тұрғызылады. Облыс әкімі қоныс той иелерін құттықтап, қайта қауышқан отандарында бақыт тіледі. Қоныс той иелері атынан Қырғызстаннан келген Қалима Смағұлова мен Ресейден келген Руслан Әлжаппаров сөз сөйледі. Олар өздеріне көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтты. Одан кейін облыс әкімі жаңа үйлер мен ауылдың әлеуметтік нысандарын аралап көрді. Айта кетер жәйт, Ақтөбе аймағында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың қоныс аударуы мен орналасуына басты назар аударылуда. Бұл мақсатта 2009-2010 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 2469,8 млн. теңге бөлінді, оның ішінде 848,2 млн. теңге 50 төрт пәтерлі үйді салуға жұмсалды. Баспана салумен қатар, мұнда «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушыларды қайта оқыту мен жұмысқа орналастыру шаралары да кешенді жүргізілуде. Мәселен, қоныстанушылар «Ақтөбе жез компаниясы» ЖШС мен «Көпір Технолоджи» ЖШС-теріне техникалық мамандықтар бойынша орналастыру жақсы жолға қойылған. Бұл жерде әлеуметтік мәселелерге де басты назар аударылған. Өткен жылы ауылда оралмандарға арналған 600 орындық орта мектептің құрылысы басталды. Балалар бақшасын және дәрігерлік амбулатория салу да жоспарда бар, ауылдық клуб құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Жылдың аяғында жаңа үйлерге қосымша 100 оралман отбасы қоныстанады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін