Хромтау ауданына қарастыҚопа ауылында мал өрісі тарылғалы бері жергілікті жұрттың күйі кеткен. Төрт түлігінің ауызы шөпке тимей, енді мал басын азайтуға мәжбүр.
Жарылғап Қалмұратов, Қопа ауылының тұрғыны:
-Айналып-айналып ауылға келеді. Ана арықтан қай жаққа барады? Сыммен қоршап тастаған. Немістің концлагерінде отырмыз өзіміз де, малымыз да.
Кезінде кеңшар тарағанда ауыл халқы пай ретінде қолдарына тиген жерлерін өндірістік кооперативке біріктіріпті. Бірер жыл бұрын ұжым басшысы ауылдың көзі тірі тұрғындары тұрмақ, он жыл бұрын қайтыс болған қопалықтардың сырттан қолын қойып заңсыз оны мемлекет меншігіне өткізіп жіберген. Мұны біле тұра Хромтаудың атқамінерлері жерді дереу өңірдегі үлкен компанияға жалға бере қойыпты.
-Қопа ауылы тұрғындарына тиесілі жайылым қазір жеке кәсіпкердің қолына өткен. Ол 132 мың гектар аумақты мынандай құдық қазып, қоршап алыпты. Енді бұл маңға ауылдың төрт түлігі тұрмақ, тұрғындары да жолай алмайды.
Жердің мемлекеттік қорға заңсыз өткенін прокурорлар да анықтап берген. Бірақ Хромтау ауданы әкімі бастап қопалықтардың жанайқайына құлақ түрмей отыр. Басшыдан көңілі қалған ауылдықтар енді Аязбай Османғалиевті сотқа беріп, одан жерден бөлек 1 теңге талап етуде.
Бақытжан Құрманов, Қопа ауылының тұрғыны:
-Ондай әкімнің құны бір-ақ теңге деп ойлаймын. Тіпті 1 теңге емес 1 тиын. Бірақ айналымда тиын болмағандықтан 1 теңгеге сотқа бергенбіз. Халықты алдаған адам Елбасын да алдап отыр. Ол жоғарыны да алдап отыр. Біздің аш жатқанымыз оның бәрі анықталып тұрса да өтірік ақпарат беріп отқан.
Ал әкімнің өзі шашасына шаң жуытар емес.Жайылымға бас қатырғанан гөрі, ауылдастарының құнын 1 теңгеге бағалағанына намыстанып жүр екен.
Аязбай Османғалиев, Хромтау ауданының әкімі:
— Адамды мазақ қылуға болмайды . Ол болмайды. Жұмыс істемесем айтсын. Ол бірін-бірі көрсетейін деп мазақ қылып отыр. Біздің намысымызға тиді.
Жайылымға қатысты қопалықтар бұған дейін аштық та жариялады. Бірақ одан нәтиже болмаған. Енді елге мойын бұрудан қалған басшылармен соттасып көрмек.