Е.Сағындықов жаңа басшыны «турашыл, әділетті, инабатты және тындырымды» адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, жаңа әкім бірінші кезекте қоғамдық көлік және коммуналдық саланың тауқыметтерін шешуге тиіс.
А.Садықов «өзіне жүктелген үлкен сенімді ақтау үшін аянбай еңбек етуге» уәде берді. Сонымен бірге ол қала атқамінерлерін «қаланың өсіп-көркеюі мен тұрғындардың әл-ауқаты артуы үшін» бірлесе жемісті еңбек етуге шақырды.
Ақтөбе облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлауынша, бұған дейін А.Садықов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары орынтағын иемденіп, коммуналдық сала, отын-энергетика кешені, құрылыс, көлік және жолдарға қатысты мәселелерді жауаптанған.
А.Садықов 1969-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заңгерлік факультеті мен банк ісінің жоғарғы мектебін бітірген. «Қазақойл ҰМК» ЖАҚ, «Қазақстанның Халықтық жинақ банкі» ААҚ тәрізді компанияларда басқарушы лауазымдар атқарған. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бас директоры болды. 2002-жылдың қыркүйек айы мен 2005-жылдың ортасына дейін «ҚазТрансГаз» АҚ-ның бас директоры болды.
Бұрынғы қала әкімі Серікжан Мұқашев Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.