Авиаторлар қалашығындағы №24 үйдің тұрғындары уланғаны туралы ақпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жексенбі күні 21 сағат 30 минутта келіп түскен. Зардап шеккендердің барлығы да тыныс ала алмай, көздерінен жас аққанын және құсқысы келгенін айтқан.
Оқыс оқиға орнына қаладағы барлық шұғыл қызметтер, соның ішінде ҰҚКД, құтқару қызметі, мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қызмет мамандары келіп жетті. Ауданның айналасы қоршалып, сол маңнан ауаның сынамасы алынды. Зерттеу нәтижесінде ауа құрамынан иприт газы анықталды.
Қазір №24 үйді құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері күзетуде. Бұл дерек бойынша тергеу жүргізілуде. Тәртіп сақшылары негізінен әскери мақсатта қолданылатын улы газдың тұрғын үйлер аймағында қайдан пайда болғанын анықтап жатыр.
Зардап шеккендер жаппай бақылауға алынды. Қазір олардың жағдайы орташа деп бағалануда.