Ақтөбедегі әкімшілік соттың ғимаратын таңнан бері тәртіп сақшылары күзетіп жүр. Себебі жақындарының жайын білмек болғандардың барлығы солай қарай беттеуде. Айтуларынша, сенбі күні орталық базарға арнайы жасақ келіп, жетпіске жуық жігітті бөлімшеге алып кеткен.
Ерен Көздібаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
— Мына СОБР қызметкерлері келіп ұрды жөн-жоқсықсыз. Міне, беттеріне қараңдар. Міне қалай қылғанын. Сазды полиция бөлімшесінен тауып алдық. РОВД кіргізбеді. Прокуратураға, КНБ-ға арыз жаздық. Біреуінен келген жоқ.
Сот ұсталған жетпіс жігіттің жиырма төртін әкімшілік жазаға тартып, қалғандарын босатып жіберді. Он бес күнге абақтыға қамалғандардың өздері сот отырысы барысында не үшін айыпты болғандарын білмейді.
Азамат Байқазатов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
— Намаз оқып келгем. Аяқ астынан тәртіп сақшылары сау ете қалып, жат деп бұйрық берді. Ешкімге тиіскен жоқ едім.
Ішкі істер депатаментіндегілердің айтуынша, ұялы телефон сататын жігіттер базардың ортасында 31 жастағы азаматты жабылып ұрған. Оған араша түспек болған учаскелік инспектордың сөзіне құлақ аспапты. Арты дауға ұласқан. Сондықтан арнайы жасақтың көмегіне жүгінуге тура келді дейді шенділер.
Әскер Өтениязов, Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары:
— Тәртіпсіздік кезінде жетпіс адамның ұсталғаны рас. Кейін жиырма төрт адамның қарсылық көрсеткені де белгілі болды. Қазір сонымен қатар 31 жастағы азаматты соққыға жыққандар да анықталуда. Сондықтан бұзақылық жасағандарға іс қозғалды.
Әкімшілік жазаға тартылғандардың барлығы дерлік дін жолындағы жігіттер. Олардың туыстары намазхан азаматтардың тәртіпсіздікке барғандарына сенбейді. Ал тәртіп сақшылары болса керсінше олардың қылмысқа қатысы барын айтуда. Өйткені тексеру кезінде базарда сатылған ұялы телефондардың бұрын ұрланғаны анықталыпты.