Ақтөбеде атыс болып, полицейлер қарулы адамды өлтірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық ІІД қызметкерлерінің 33 жастағы ер адамның қарулы шабуыл жасап, заңсыз қару сақтағаны жайлы ақпарат алған. Ер адам бұған дейін сотты болған екен.
"12 қаңтарда Ақтөбе-Богословка тасжолында Lada Priora маркалы көлік тоқтатылды, оның тізгінінде 33 жастағы азамат болған. Ол көліктен шыққан бетте полиция қызметкеріне қару кезеген, осылайша қарулы қарсылық көрсету арқылы полицейлердің өміріне қауіп төндірген. Осыдан кейін полицейлер табель қаруын қолданды", — деп хабарлады облыстық ІІД өкілдері.
Атыстан ер адамға оқ тиіп, оқиға орнына жедел жәрдем шақыртылған. Алайда ол жедел жәрдем көлігінде көз жұмған.
ІІМ мәліметінше, екі бап — "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" және "Заңсыз қару сақтау" бойынша қылмыстық іс қозғалған.