Ақтөбеде қоқыстағы электр құрылғыларын пайдаға жарататын ауған соғысының ардагері жанып кеткен үйінде жан сауғалап жүр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.
Ақтөбе қаласының іргесінде тұратын Базарбай Нұрғалиев жанып кеткен үйінде өзінің кәсібімен айналысып жатыр. Былтыр жанып кеткен үйінде тұрып жатыр. Ешқандай туысының жоқтығын айтқан ардагер 2 топ мүгедегі. Кезінде керемет екі бөлмелі пәтері мен отбасы болғанын да жасырмады.
«Ауған соғысында болдым. Екі жылға жетпей мүгедек болып елге оралдым. Аяғыма мина сынықтары тиіп, кейін кеспеске амал болмады. Сол жағдайдан кейін кескен аяқ бөлігіндегі қолым да жасамай қалды. Қиын сәттерде әйелім мен балам көлік апатына түсіп, көз жұмды. Кейін мүгедек түріммен бір көп балалы әйелге үйленіп үкімет берген екі бөлмелі үйде тұрғанмын. Бірақ, алғаным арам боп шықты. Мен үйде жоқ кезде барлық заттарды жиып, балаларын алып қашып кеткен. Құса боп көңілім түскен кездерде төрт қабырғада отыра алмадым. Өзімді алдандырғым кеп бау-бақша егіп, мал ұстағым келді. Көп қабатты үйдегі пәтерімді, жер үйге алмастырдым. Келіскеніміздей үстіне төлем беретін кісі алдап кетті. Кейін менің бұрынғы үйімді сатып Атырауға қашып кеткен», — дейді Базарбай Нұрғалиев.
Бұрынғы ауған соғысының ардагері бос уақытында бұзылып қалған, керексыз болған теледидар, сағат, радио, электр шамдары, телефон заттарын жөндеп нәпақасын табады.
«Басында қоқысқа тастаған керексіз электр дүниерін жөндеп пайдаға жарататынмын. Кейін таныстарыма тастама деп өтініш білдіретін болдым. Бар уақытымды осыған бөлуге тырысамын. Өзіме алданыш етемін. Жарамсыз болып қалған сағат, теледидар, электр шамдары, телефон сынды заттарды жөндеп, пайдаға жарайтындай қылып қоямын. Арасында келіп жөндетіп алатындар бар ақшасына. Зейнетақы бар болғаны 30 000 теңге. Айға жетпей қалады», — дейді ардагер.
Отқа оранған үйінің төбесін жауып беруге мешіт үйі көмектескен.
«Төбесін жабуға мешіт үйі жәрдем берді. Енді биылғы жылы ішкі жұмыстарын жүргізгім келеді. Бір қолмен қиын. Қолымда бір есегім мен ешкі болған. Мен үйде жоқ кезде ұрлап кетті. Қыста мешіттен көмек ретінде көмір түсіріп берді. Арасында үнемдеу үшін машинаның доңғалағын да жағамын. Иісі үйді алып кеткенде, есіктерді ашып аламын», — деп мұңын шақты Базарбай Нұрғалиев.