Екі әйелді өлтіру қылмысы 21-желтоқсанға қараған түні болған. Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, қылмыскер тонаушылық жасау мақсатымен тәулік бойы жұмыс істейтін дүкенге бас сұққан. Осы дүкенге үнемі келетін оған әйелдер есікті ойланбастан ашса керек. Қылмыскер бір әйелді 22, екіншісін 15 жерінен пышақтап өлтірген. Екі әйел де оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қылмыскер дүкен кассасынан 2 мың теңгені алып, ізін жасырған.
Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Ол істеген ісін алғашқы тергеу барысында-ақ мойнына алды. Өзінің айтуынша, қылмыс жасаған сәтте арақ та ішпеген, есірткі де қолданбаған.
Тұтқынның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің «кісі өлтіру туралы» 96 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. ІІББ-ның мәліметі бойынша, күдікті бұған дейін де сотталған.