Жасырын шағын кәсіпорынға Ақтөбелік бір жұмыссыз тұрғын басшылық жасаған. Арнаулы ешбір рұқсат алмаған ол кеспе өндіретін цехты мамыр айының орта шенінде ашқан. Соған сәйкес, тексеру кезінде цех қожайынының қолында тиісті құжаттары болмай шықты. Цехтағы жұмыстарға кәсіпкер Ақтөбеге маусымдық жұмыс іздеп келген Өзбекстан азаматтарын тартқан. Олар осы цех ішінде өмір сүріп, цехтың еденінде ұйықтаған.
Прокуратура ақпаратына сәйкес, цехтан тәулігіне 100 қап кеспе өнімдері шығарылып отырған. Ал дайын өнім Ақтөбе қаласының орталығындағы үлкен базарда сатылған. Осы мерзімде цех 15 тонна өнім өндіріп үлгерген.
Ал тазалық дәрігерлері өнімнің сапасын өте төмен деп бағалауда. Тазалық талаптарына мүлдем сай келмейтін кеспе өнімдері тікелей лас еденде кептірілген.
Қазір кеспе өнімдерін өндіретін цехтың қожайынының үстінен қылмыстық іс қозалды. Цехтың жұмысы тоқтатылды.