Ақтөбеде халыққа суы, жарығы жоқ жер берілген - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде халыққа суы, жарығы жоқ жер берілген

Ақтөбеде халыққа суы, жарығы жоқ жер берілген

Айдалада ақ отау - суы, газы жоқ отау!

  • 7 Тамыз 2019
  • 21
Фото - Caravan.kz


Ақтөбеде жылдар бойы кезекте тұрып, әрең дегенде он сотық жеріне қол жеткізген тұрғындардың көңілдері су сепкендей басылды. Өйткені, жер телімі берілген Елек тұрғын үй массиві коммуникациялық желі атаулыдан жұрдай болып шықты дейді. Көгілдір отын былай тұрсын, судың өзін халық сатып алып отыр. Ал кеш түссе, майшаммен амалдайды. Мәселе қашан шешіледі?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ерғос Ділманов үшін қара судың әр тамшысы құнды. Өйткені текше метрінің өзін 2 мың теңгеден сатып алып отырғанын айтады. Он жыл бойы пәтер жағалап шаршаған азамат жер теліміне былтыр ғана қол жеткізген. 10 сотық жерді қала іргесіндегі Електен бергенде қуанғаным рас, дейді. Лезде құрылысты бастап кетуге бір жағы қаражат қолбайлау болып, екіншіден құжаттарын реттеп, биыл ғана өз күшімен іргетасын қалапты. Енді су мен жарықтың кесірінен баспанама кіре алмай отырмын, дейді.
 

ЕРҒОС ДІЛМАНОВ, ТҰРҒЫН: «Ең бірінші коммуникациясын жүргізіп берулері керек ғой. Свет, су жоқ. Өзіміз тасып отырмыз. Срок береді, міне оның 1 жылы документациямен өтіп кетті. Қалғаны енді 20 августке дейін, оның да срогы уже келіп тұр. Ал оған менде свет жоқ, сол қиын болып тұр. Төбесін жабуға қиын».

«Тезірек іргетасын қалап, тұрғызып алмасаңдар, жерді кері қайтарып алады екен» дегенді естігесін, жұрт жалма-жан қолына іліккен материалдан үй салуға кіріскен. Кейбіреулері қарызданып-қауғаланыпты. Ендігі уайымдары  жарығы мен жылуы жоқ баспанада қыста қалай күн көреміз деп отыр. 

АМАНГЕЛДІ СӘДУАҚАСОВ, ТҰРҒЫН: «Квартир жалдап, жағалап жүру де оңай емес бала-шағамен. Осындай өзіміздің баспанамыз болғанын қалаймыз. Үкімет екі жылдан кейін алып кетеді деп айтты. Онымен ештеңе де жоқ мында, тек жердің өзі».

Електегілердің су, жылу мен жарыққа қашан жаритындарын шенеуніктер де дөп басып айта алмады. Биыл тек уақытша жарықпен жарылқамақшы. 

БОЛАТ СЕРІКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Елек бойынша қазір 2020 жылдарға жоспарға енгіздік. Жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін және осы жылы уақытша электр линияларын беру жөнінде жұмыстар жүргізілуде».

Соңғы үш жылда Ақтөбенің өзінде 26 мың жер телімін жеке баспанасын тұрғызатындарға беріпті. Инженерлік желілерді жүргізіп үлгере алмай жатқанымыздың бір себебі де осы дейді әкімдіктегілер. Сондықтан, жер беруге уақытша мораторий жариялаған.