Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем ауруханасында 37 күн бойы ем қабылдаған Серік Жантікеновті 10 қыркүйекте көлік қағып кеткен. Бас-ми жарақатын алды, сүйектері сынды. Қазір жас жігіт сөйлемейді, жүре алмайды. Төсекке таңылған баласын көрген әке қандай ем көрсетерін білмей отыр. Дәрігерлер тек уақтылы тамағын беріп, жайлы төсекке жатқызу жайлы ұсыныс берген.
«Баламның құр сүлдері қалған. Ол 37 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болды, байқауымша тамақты да аз берген. Өз еркімен дәретке бара алмайды, аппаратқа таңылған. Көріп, жылап жібердім. Бұған дейін облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінде ем қабылдады. Біз оның жанында бола алмадық. Алғашқыда көре алмай зар болдық. Үш күннен бері күтім бөліміне жіберіліп, анасы бақылауына алды. Қазір дене қызуы көтерілген», — деді Алмаз Жантікенов. Әкесі баласын қайда апарып, кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Үйіне апара алмайды. Себебі, жасанды жолмен тамақтандыру қажет.
«Екі бөлмелі пәтерде тұрамын. Қақырық жинап, нәжіс құятын аппарат 200 мың теңге тұрады. Кереует те 400-500 мың теңге екен. Амалым таусылған соң халықтан көмек сұрап, 200 теңге болса да ақша аударса деп күтемін. Балам көзін ашады, бірақ ешқандай эмоция жоқ. Жүрегім ауырады, ұйықтай алмай жүрмін», — деді көзіне жас алған Алмаз Жантікенов.
Жол-көлік апаты Ақтөбе қаласының орталығында болды. Сол кезде Серік Жантікенов такси күтіп тұрған. Қазіргі кезде жол апаты тергеліп жатыр. Ал дәрігерлер ес-түссіз түскен жас жігітке ота жасап, жансақтау бөлімінен шығарғанын, тек оңалту шараларын жүргізу қажет екенін айтып отыр.
«Жол апатында жарақат алған Серік Жантікенов бір айдан астам уақыт бұрын жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Басына зақым келген, миына қан құйылған. Сүйектері сынды. Травматикалық шокпен түсті. Есін білмеді. Оны бірден жансақтау бөліміне қабылдап, ота жасалды. Миына құйылған қанды алды. Содан бері бізде ем қабылдады. Ол есін жиды, тағайындалған емді қабылдады. Жағдайы бірқалыпты. Бірақ мүгедек болып қалды. Біздің мақсатымыз, тірі қалдыру, ол тірі қалды. Серік Жантікенов 37 күн жансақтау бөлімінде жатты. Соңғы 10-15 күнде ол ешқандай ем қабылдаған емес. Себебі, емін алып болды», — деді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Арыстан Рақымжан.
Яғни, жас жігіт енді сұлқ жатады. Дәрігерлер оны үйге, отбасы ортасына алып кетуге кеңес берді.
«Уақыт өткен сайын денсаулығын тексеріп тұрады. Ол тек жатады. Ауруханада жатсын деп отыр. Аурухана жедел көмек береді. Үйіне алмаған соң біз «Мейірім» күтім бөлмесіне жібердік. Ешкім далаға қуып шыққан жоқ», — деді Р.Арыстан.