Қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Геннадий Дудаковтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру жұмыстары мамыр айында басталып, оған бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Алғашқы кезекте саябаққа кіреберісте ұзындығы 2 шақырымға созылатын сәулеттік пішіндегі қоршау, диаметрі 18 метрлік субұрқақ, қайық стансысы, көпірі бар жалпы аумағы 7500 шаршы метрлік су қоймасы және басқа да нысандар салынбақ.
«Азаматтардың тыныш әрі белсенді демалуларына қажетті орындар, балалар аттракциондары және спорттың экстремалдық түрлерімен айналысуға қажетті құрылғылар жоспарланған. Барлық нысандар бойынша жұмыстар басталды. 2010 жылғы қыркүйектің 1-інен кешіктірмей аяқтауды жоспарлап отырмыз», дейді Г.Дудаков.
Қала әкімі Архимед Мұхамбетов саябақтың бүкіл аумағын толық абаттандыруға бөлініп отырған 1,1 млрд. теңге жеткіліксіз деп санайды. «Біз жеке инвестиция тарту есебінен абаттандыру көлемін ұлғайтып, саябақ аумағын кеңейте түсеміз», дейді ол,
Айта кетейік, қала әкімдігі «Бриг» ЖШС-нің орталық саябақта жалпы құны 10 миллион доллар тұратын ойын-сауық орталығын ашу жоспарын мақұлдады. Бұл жобаны 3 кезеңмен жүзеге асырып, 2012 жылы толығымен аяқтау жоспарланған. Жобаға сәйкес саябақ аумағында шағын аквапарк, аттракциондар, автодром, жабық ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындары, ролик айдыны бой көтермек.