Н.Шомбаловтың айтуына қарағанда, осындай алғашқы сот отырысы Ақтөбеде 9-ақпанда өтеді. Ол сондай-ақ, аймақта құрт ауруына шалдығу көрсеткішінің артуына ауырғандардың өз денсаулығына өздері «мән бермеуі» басты себепші болып отырғанын атап өтті. Бұған қоса «дәрігерлер жұмысының осалдығы да» көрсеткіштің арта түсуіне түрткі болуда, дейді Н.Шомбалов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне жүгінсек, 2003-жыл қорытындысы бойынша, құрт ауруына шалдыққандар санымен Ақтөбе облысы Қазақстанда алда келеді. 2004-жылдың 1-ақпанындағы жағдаймен Ақтөбе облысының әрбір 10 мың тұрғынына шаққанда құрт ауруына шалдыққандар саны 279-ды құрайды. Құрт ауруымен күреске 2004-жылы облыстық бюджеттен 410 млн. теңге бөлу көзделіп отыр.