Ақтөбеде талайды тақырға отырғызған қалта ұрысы ұсталды
Ақтөбеде жәбірленуші әйелдің жедел хабарлауының арқасында талайды қан қақсатқан қалта ұрысы ұсталды, деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен. |
Атап айтқанда, 9 қаңтар күні полицияның 102 нөміріне 29 жастағы ақтөбелік азаматша хабарласып, әмиянының ұрланғаны туралы хабарлады. Белгісіз жігіт Жилгородок аялдамасында оның сөмкесінен 14 мың теңге салынған әмиянды жымқырып кеткен. Бойжеткен ұрының бет-бейнесін жан-жақты суреттеп, ол қашып кеткен жақты көрсетті. Оны жол полициясының жасағы ұстап, полицияның бөліміне жеткізді.
Ұсталған 22 жастағы азаматтың қалта ұрлықтарының 9 фактісіне қатысы бар екені анықталды. Ол негізінен іші адамдарға толы автобустарда әйелдерден әмияндары мен ұялы телефондарын жымқырып келген.
Барлық фактілер негізінде «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат бұрын бұл бап бойынша сотталған, қазіргі кезде ол ешқайда кетпеу қолхатын толтырды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін