Департаменттің бүгін таратқан ақпаратына қарағанда, "Қазгидромет" мекемесі 18-21 сәуір күндері Ақтөбе облысында өзендерде су деңгейі көтеріліп, тасуы және су басуы мүмкін екендігі туралы ескерткен. Осыған байланысты тұрғындарды әлеуметтік желілер, телеарна, СМС хабарламалар арқылы және үйлерді аралап алдын ала эвакуация шараларын жасау қажеттігі ескертіліп жатыр.
Ақтөбеде 16 сәуірде Елек өзенінің тасуынан негізінен өзен жағалауындағы саяжай ұжымдарына қарасты жүздеген үйді су басып, қалада төтенше жағдай жарияланған. Ақтөбе облыстық төменше жағдайлар департаментінің соңғы ақпаратына қарағанда, төтенше оқиғадан 579 үй мен ауланы су басып, 5 үй құлаған, 1510 адам эвакуацияланып, 69 адам құтқарылған. Құтқарушылар Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті, Келешек, Махамбет, Қарғалы, Заречный-2, Жилянка елді мекендеріндегі жағдайдың әлі де күрделі екенін айтады.
Аталған елді мекендердегі су деңгейі түсе бастағанымен, толық кетпеген.
Тасқын су басып, қараусыз қалған саяжайлар мен тұрғын үйлерді ұры-қарыдан қорғау үшін Ақтөбе полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Електі жағалай қонған 57 саяжай ұжымы тәулік бойы күзетіледі-деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі. Саяжайлар мен тасқын судан зардап шеккендер паналап отырған төрт пункт 248 полиция қызметкерінің бақылауында.
Облыстағы өзендерде су деңгейін қадағалау үшін бақылау бекеттері қойылған.