Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында Ақтөбе облысында жыл басынан бері бірнеше жедел алдын-алу шарасы өтті. Акциялар мен түрлі шараларды өткізуге полиция департаментінің қызметкерлері өзге ведомствалар мен жастар ұйымдарының өкілдерін тартқан. Нәтижесінде 1500-ге жуық жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді.
«Биылғы 1-тоқсан нәтижесі бойынша 1482 кәмелетке толмаған тұлға ішкі істер органдары бөлімшелеріне жеткізілді. 1291-і әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған. 21 жасқа толмаған 78 тұлғаға алкоголдік ішімдік пен 23 кәмілетке толмаған азаматқа темекі өнімдерін сату деректері анықталды. Акция нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарына кәмелетке толмағандарды кіргізген 75 кәсіпкер мен 112 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Түн жарымында көше кезген ақтөбелік жасөспірімдер үшін 1,5 мыңға жуық ата-ана да жазаланды. Полиция инспекторлары 3 мыңнан көп әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
«Дегенмен, 2019 жылдың 1-тоқсанын қорытындыласақ, өңірде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың 25,5%-ға төмендеген. Жасөспірімдер үшін жан-жақты бақылау болу керек. Жедел алдын-алу шаралары кезінде 80-нен астам кәмелетке толмаған жасөспірім Ақтөбе қаласындағы бейімдеу орталығына орналастырылды. Бала тәрбиесіне ата-ананың рөлі жоғары. Тәрбие беру міндетін дұрыс атқармаған 2 ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылды. Тағы 46 ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарттық», — деді Ерболат Сарқұлов.
245 жасөспірім мен 156 қолайсыз отбасы өңірдегі ішкі істер бөлімдерінің есебіне алынды.