Ақтөбе қаласына таяу маңда жолаушылар автобусы аударылып қалды. Жол апаты Садовая елді мекені мен Ақтөбе қаласы аралығында таңертең болған. Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.
Көлікте болған жолаушылардың айтуынша, жол апатына 39-автобустың жүргізушісі кінәлі көрінеді.
«Бұл автобуста кондуктор болмайды. Жүргізуші жолақысын жинап, артық ақшаны артқа қайтарамын деген кезде жолдың шетіне шығып кетіп, бір жағына аударылып қалды», — дейді оқиға куәгері Әлібек Жұмабаев.
Апат орында болған куәгерлердің айтуынша, жолаушылар автобусы толы болған. Ішінде қарттар мен балалар және жүкті әйелдер отырыпты. Шамамен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған жолаушылардың көбі жолдан көлік ұстап жедел жәрдемді күтпестен ауруханаға кеткен.
Әзірге Ақтөбе облыстық ІІД-де орын алған жол апаты туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Суреттерді оқиға куәгерлері жіберді