Жарияланды: 350

Ақтөбеде жуырда ғана ашылған перзентханада жаңа туған нәресте шетінеп кетті

Ақтөбеде жуырда ғана ашылған перзентханада жаңа туған нәресте шетінеп кетті. Сәбиінен айрылған ана бұған дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуынша, екі күн бойы қиналып жатқанда ақ халаттылар операция арқылы босандыруға асықпаған. Шарана жатырда тұншығып қалған кезде ғана іске кірісіпті. Ал перзентхана қызметкерлерінің бұған өз уәждері бар.

Тұңғышы өмірге келмей жатып тұншығып өлген Солико Тілешева көз жасын пайдалана алмаған жөргекпен құрғатып отыр. Айы-күні жетіп перзентханада қиналып жатқан кезінде екі күн бойына дәрігерлер жөнді қадағаламады деп налиды. Тіпті, жатыр суының ағып кеткеніне қарамастан, акушер-гинекологтар баланы тіліп алудан бас тартқан. Ал кейін операция жасаған кезде шарананың жатырда шетінеп кеткені белгілі болады.

Солико Тілешева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Әпеке, сойдырып тасташы, кестіріп тасташы, мен біттім деп жалындым. Жоқ, жоқ бір күн өтсін деп кетіп қалды. Сонымен не керек допқа секіртті. Қайта-қайта допқа секір деді. Біліп жаттым ғой ішімнің қатайып қалғанын, баланың жыбырламай жатқанын.

Жақында ғана ашылған перзентхана дәрігерлері ақталып бағуда. Олар 4 жылдан бері елімізде қолданылып келе жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ережесінің қағидасынан қалт кетпедік деп отыр. Онда әйелді толғақ қысқан сәттен бастап 48 сағат бойы операция жасамауға кеңес берген. Бірақ ертерек қамданғанда шарананы аман алып қалуға болатынын да жасырмайды.

Дариға Оспағамбетова, Қарғалы ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Кінәміз де бар шығар. Оған өзгеше қарауымыз керек па еді? 2008 жылдан бастап «Қауіпсіз жүктілік және босану» бағдармасына сәйкес тек қана протокол бойынша жұмыс істейміз. Бұрынғысынша болғанда жасы мен сәбидің салмағына қарап операция жасар едік.

35 жастағы Солико Тілешеваның енді бала көтеруі неғайбыл. Мұны дәрігерлер де ескертіпті. Енді ол сәбиінің өліміне қатысты прокуратураға шағымданбақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін