Жарияланды: 580

«Ақтөбедегі лаңды діннің атын жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ жасапты» - республикалық басылымдарға шолу

Кеше Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының тұсауын кескен болатын. Онда ведомство басшысы аталған бағдарлама негізінде 2015 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайызға дейін төмендету көзделетіндігін айтты. Осы орайда «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Үкімет отырысында айтылған келелі мақсаттар жайында егжей-тегжейлі баяндалған. «Министрдің айтуы

бойынша, 2015 жылға қарай елімізде 1,5 миллионға жуық адам осы бағдарламаға тартылып, еліміздегі кедейлік деңгейі 6 пайызға дейін азаятын, ал жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін төмендейтін болады. Бағдарламаны қанатқақты режімде іске асыруға биылғы жылы республикалық бюджеттен барлығы 40 миллиард теңге теңге бөлінді», - делінген «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылмақ» деген тақырыппен берілген мақалада. *** «Дағдарыстан кейін даму қарқынын қайта үдеткен Қазақстан кейбір көрсеткіштер бойынша тіпті Америкадай алпауыттың өзін басып озды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында жарияланған «Мемлекет басшысы берген тапсырма орындалды!» деген мақаласында. Мақалада Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 7,1 пайызды құрағандығы хабарланады. Ал еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайыз болып отыр. Бұл АҚШ-тың 9,8 пайыздық деңгейге жеткен жұмыссыздар санынан аз көрсеткіш. «Оның үстіне, ел Үкіметі Елбасының тапсырмасы бойынша, жұмыссыздар санын алда азайта бермек. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы қызмет ететін болады», - делінген мақалада. *** «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі нөмірінде Шұбаршы кентінденде елді дүрліктірген оқиғаға қатысты материал ұсынып отыр. Естеріңізде болса, 30 маусым күні белгісіз қылмыскерлер Ақтөбе облысы Шұбаршы кентінде полиция қызметкерлерін өлтіріп, олардың қаруларын тартып әкеткен болатын. Кейіннен 9 шілде күні күдіктілерді құрықтау операциясы барысындағы қақтығыс кезінде 9 адам өлтірілген еді. Қанды оқиға жайында газеттің «Ақтөбедегі лаңды діннің атын жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ жасапты» деген тақырыппен берілген мақаласынан оқи аласыздар. Сонымен қатар «Алаш айнасының» бүгінгі санында «Қазақ полицейлеріне қарсы «жиһад» жарияланғаны рас па?» деген тақырыппен мақала басылды. Онда өткен аптада Балхаш қаласының АК 156/21 жалпы режімдегі түзеу мекемесінде болған атыс-шабыс пен ақпан айында 168/2 түзеу мекемесінің жанындағы көліктің жарылуы арасындағы оқиғаларды келтіре отырып, «Бұрын-соңды ести бермейтін оқиғалар неге енді белең ала бастады? Елімізде діни-экстремистік, радикалды секталарға қарсы күрестің өз деңгейінде болмай, секталардың семіргені ме?», - деген сауал тасталады. Ары қарай қазақ полицейлеріне «жиһад» жариялаушы «пәтуалар» жайында әңгіме қозалады. *** «Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттер басшылары қатысқан мерейтойлық саммитінің қорытындылары мен ұлттық жастар ұйымдарының аймақтық қарым-қатынасы 9 шілде күні Алматыда өткен ШЫҰ Жастар кеңесінің ІV отырысына талқыланды», - деп хабарлайды «Казахстанская правда» газеті «10 лет истории и будущего» атты мақаласында. Басылымның мәлім етуінше, аталған кеңесте Қазақстан атынан екі ұйым - «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты мен Қазасқтанның жастар конгресі өкілдік еткен. Жиын қатысушылары Астана онжылдық декларациясын қолдайтындықтарын айтып, жастар ұйымдарын ондағы қағидаттар бойынша жұмыс жасауға үндеген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін