Ақтөбе қалалық бас саниатарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, қарбыз және қауын сатушылар қала әкімінің «Бақшада өсірілген дақылдар саудасын ретке келтіру туралы» бұйрығының талаптарын бұзып, өнімді көшелер мен айналма жолдарда кез-келген жерде бейберекет сатуда. Н.Беркімбаеваның айтуынша санитарлық-гигиеналық талаптарға мүлдем сәйкес келмейтін көшедегі бейберекет сауда-саттық бұдан да сорақы залал-зардапқа апарып соғуы ықтимал. Бақшада өсірілген дақылдар саудасын ретке келтіру үшін санитарлық дәрігерлер полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істемек ниетте.
Осы аптада қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары қала базарларында, сондай-ақ, бақшалық дақылдар мен көкөністер сатылатын жерлерге рейд жүргізді. Рейд барысында өнімдер құрамындағы улы химикаттар мен нитраттар мөлшерін айқындау үшін 243 сынама зертханалық зерттеуге алынды. Соның нәтижесінде «Әлия » базарында сауда істейтін бір алыпсатардың сатып отырған қауынының құрамындағы улы заттар мөлшері шектеулі шамадан 1 жарым есе артық екені белгілі болды. Осыған байланысты улы қауындар тәркілеп алынды.