Орын әжей интернатқа 2 жыл бұрын келіпті. «Балаларым қуып шықса да, Үкімет далаға тастамады», — дейді. Жасы 90-ға таяған кейуананың әңгімесін естігенде, жағаңды ұстайсың. Жұбайы өмірден өткеннен кейін, ақылсыз бала мен кесірлі келіннен таяқ та жеген. Енді, ақша үшін емес, балаларына өзінің бар екенін білдіру үшін алиментке арыз жазыпты. Әйтпесе 2 жылда бір баласы да келіп, жағдайын сұрамаған.
3 баласы болса да, қартайғанда осы жерге келген Ольга апай — арыз жазғандардың бірі. Балаларымның бәрі ауқатты, аналарына алимент төлесін деп ашуланып отыр. Оған да 3 жылда бірде-бір баласы қарасын көрсетпеген. Өмір бойы қара жұмыс істеп, балаларымды бағып-қаққанда тапқаным осы деп қынжылады. 3 немере, 3 шөбересін сағынатынын да айтып қалды.
Қарттар үйінің директоры Ермек Бейісқалиев: — Біз арыз бойынша оларды қалалық прокуратураға жібереміз. Кейін шешім күтеміз. Сот қандай шешім қабылдаса, соны орындаймыз. Мұнда 188 қария тұрады. Олардың жартысынан көбінің балалары бар. Қыздан қайыр, ұлдан рахат көрмегендер енді заңды алименттерін алатын болады, — дейді.
Интернат басшылары болса, осы арқылы бюджет қаржысын үнемдемек.