Жол полициясы көліктерді асудан өткізбей жатыр. Жол тайғақ, адам өміріне қауіпті деп. Бірінің артына бірі тіреліп жатқан көлік кептелісі үш шақырымға созылған. Жүргізушілердің айтуларынша, қауіпті аймақтың жолы қардан мүлдем тазартылмаған, тіпті құм да себілмеген.
Батыр Байниев, көлік жүргізушісі:
— Өтуге болады, тек тұз сепсе.. Жүре алмайсың. Сол кезде жүре аласың. Бір автобус аударылды, осы жолдың себебінен.
Төтенше жағдайлар қызметі мұнда көлік қозғалысы қашан жанданатыны белгісіз деп отыр. Өйткені ауа райы күрт бұзылып, ақтүтек бораннан бір адым жер көрінбейді. Алматы облысының «Көкпек» асуында да жағдай мәз емес. 60 көлік пен 130 жолаушы жолда қалған.
Алмаз Бертімбетов, көлік жүргізушісі:
— Қырға шықсақ жол жабық тұр, өзі пәс болып келеді. Сол жерге қар ұрып тастаған. Екі көлік көлденеңнен тұрып қалған. Сол көліктерден өте алмай жатырмыз.
Табиғаттың тосын мінезі қарағандылықтарды да шет қалдырмады. Мұнда 40 жолаушысы бар автобус жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.