Ақын Қасым Аманжолов суреткер болып Ақ Жайық өңірінде қалыптасты - әдебиетші-ғалым С.Шарабасов - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақын Қасым Аманжолов суреткер болып Ақ Жайық өңірінде қалыптасты - әдебиетші-ғалым С.Шарабасов

Ақын Қасым Аманжолов суреткер болып Ақ Жайық өңірінде қалыптасты - әдебиетші-ғалым С.Шарабасов

Ертең қазақтың ұлы ақындарының бірі Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналған шаралар Қарағанды облысында басталмақшы. Бұл мерейтойға Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысады. Шын мәнісінде Қасымның өмірінде Оралдың орны ерекше.

  • 7 Қыркүйек 2011
  • 1666
Фото - Caravan.kz

Осы жөнінде белгілі әдебиетші-ғалым, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов былайша әңгімелеп берді.

-Қазіргі сында, не әдеби ойтолғауда болмасын, «ақын шығармашылығы толық зерттелмеген, совет заманында «ұлтшыл» деп таланды, әлі күнге дейін әдебиеттегі орны белгіленбеген деген толып жатқан «асанқайғылық» бар, деді алдымен С.Шарабасов. Қасым Аманжоловтың қаламгерлік табиғатын тұстастары Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Сырбай Мәуленов,
Ғафу Қайырбеков, Есмағамбет Исмайловтар ашты. Ірі, әрі зерделі зерттеуді ғалым Тұрсынхан Әбдірахманова жүргізді.

Ақын Қасым — Қарағанды Қарқаралысының тумасы. Әуелі Семейдің жетімдер интернаты, кейін оның малдәрігерлік техникумын тәмамдайды. Тұрмыс тауқыметі мамандықты дұрыс таңдауға мұрша бермесе керек. Өнер саласына құлшынғанмен, тұрмыс жеңіп, Ленинград орман шаруашылығы институтында оқиды. Әдебиетте өзге мамандықтан керемет қаламгерлер шыққан үрдіс аз емес қой. Мәселен, А.Чехов — дәрігер, Л.Леонов — орманшы, О.Сүлейменов — геолог. Қасым аға да солардың бірі болар ма еді, әттең, ұлы Шоқанның ауруына ұшырап, Петербордың дымқыл ауасы өкпені сығып, туған елі Қазақстанға қайтарады.

Тағдыр тәлкегіне шара бар ма? Шымкенттің аптап ыстығын, Тараздың боз жазы мен қоңыр салқынын, Қызылорданың қызыл құмы мен Аралын аттап өтіп, республиканың батыс қақпасы Орал өңірінен бір-ақ шығады. Біздің қолымызда нақты дерек жоқ, бірақ бір-екі пікірді талшық етеміз. Біріншісі, зерттеушілік қасиеті басым Тәкен Әлімқұлов Қасым Аманжоловтың 3-томдық шығармаларының толық жинағының кіріспе сөзінде: «…Бұдан кейін Қасым Оралға барып, педагогикалық институтта оқиды» (ертеректегі жазба, өзгертпей алдық) деп жазады. Біз 1932 жылы Оралдан ашылған, әуелі КИНО (Казахский институт народного образования), кейін А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты, бүгін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің архив бөлімінен іздедік. Ешбір дерек таппадық. Кейін 1932-40 жылдар аралығында институтта оқыған ардагер ағалар Сәрсен Ақмырзаұлы, Ғабдырахым Әбуханұлынан да сұрадық. Олар Қасым Аманжоловты педагогика институтының не іштей, не сырттай, тіпті 2 жылдық мұғалімдер курсында да көрмегенін айтты.

Доцент Ғабдырахым Әбуханов күнінде «бай баласы» деп әшкереленіп, институттың алғашқы легінен қуылған, оқу орнын кешеуіл бітіргенмен, Ақтөбе, Орал педагогикалық институттарында ірі басшылық биігін игерген адам-ды. Әңгімелерін жан-жағына мықтап қарап алып, үлкен сақтықпен айтатын.

Бірде Қасым Аманжоловтың туғанына 80 жыл толу мерекесінде Қасекең, оның досы Абдолла туралы көп әңгіме айтты. Студенттердің: «Қасым ағаның өкпе дімкәсі болса да, қысы қақаған Оралды неге таңдаған? — деген сұрағына: «Қасымға Оралдың қысы емес, мінезі ұнаған шығар, өйткені Қасекеңе ылдым-жылдымы мол, айла-шарғысы асып-тасып жататын астана Алматының мінезі жақпаған шығар. Қасекең бет-жүзге қарамайтын, сойыпсал мінезді ақын болатын. Басқасын қайдам, кейбір әдеби жиын, содан кейінгі отырмақтарда Қасым бәз-баяғы мінезімен тулап бара жатса, Қажым тоқтау айтар еді. Қандай жағдайда да Қасым Қажым сөзіне тоқтайтын. Біз қатты таңғалар едік!».

Осы бір сөзде растық бар секілді. Өзі ақын, жазушы, педагог Қажым (Қажығали) Жұмалиев министрлік жолдамасымен Орал педагогикалық институтына оқытушы болып келеді. Қажекең орысы орман, қазағы бірен-саран Оралға «бүтін бір академия» болып келді.

Оралдың мүлгіген рухани өмірі бірден жанданды. Студенттер институттан, театрдан, газет редакцияларынан шықпайтын болды. Әдеби, ғылыми, журналдық тапсырмалар алды. Қажым Жұмалиев педагогика институты жанынан әдеби үйірме құрады. Бұл үйірмеге Оралдан ауыл шаруашылығы, сауда, медицина техникумының студенттері қатысады. Педагог Қажым Жұмалиев үйірмесі сол кездері жалындап жүрген жас өрендер Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Абдолла Жұмағалиев, Қуан Тастайбеков, Батыр Қыдырниязов, облыстық «Екпінді құрылыс» газетіндегі Самат Жұмағазиев, Имаш Шамаров, Шайхы Сәрсенғалиев, Ғұбаш Жөндібаев, Садық Ғайсин, Мәжит Үмбетов, Ислам Хайрушевтердің қабілетін маздатты. Қасым ағаның Оралға да, Қызыл әскер қатарына да осында келуі педагог, кейін академик-жазушы атанған Қажым Жұмалиевтің ақыл-кеңесі емес пе екен деп топшылаймыз.

Ақын Қасым Аманжолов суреткер болып Ақ Жайық өңірінде қалыптасты.

Өмір қиындығын қанша көрсе де, өмірге сондай ғашық адам болды. Оның әскерде жазған (Оралда деп түсініңіз) «Ұлы Октябрь», «Ұшқыш болғым келеді», «Болат сұңқар» өлеңдерін алғашқы ақындық тырнақалды, жастықтың алқызыл романтикасы деп қабылдаңыз.

Романтика — киелі сезім, махаббат-сүйіспеншілік тудырудың себеп-салдары ғой. Ғабдырахым аға айтатын: «Әруақтай аппақ боп киінген, жанарын ешкімге салмай айдалаға қарап отыратын Абдолланы, тік жағалы, кеудесі гүлзарлы әлемішке толы, ешкімнің үстінен көрінбейтін ақ көйлекті Қасымды біздің студент қыздар ішіп-жеп қарайтын. Осы екеуіне ғашық болмаған Орал қыздары болған емес, оның үстіне қазақтың көзге түскен жігіттерін қағып түсіретін көккөз сұлулар мен үлбіреген татар тоташтарын қоссаңыз, ақындар атағы әуелеп кетер еді».

Сондықтан да Оралда жазылған әр қилы «Гүлім», «Қарындасым Марпуға», «Сабыр етші», «Сұлудың сымбаты», «Қайдасың, махаббаттың періштесі», «Сүйдім сені, сандуғаш, қуға теңеп», «Айтшы, жаным», «Әлде» тағы басқа өлеңдері — ақын жүрегінің махаббат жапырақтары. Бұл өлеңдерді кімге арнады, мазмұны мен пішінін саралау басы артық дүние. Кезінде талданған, прототиптері анықталған. Өлеңдердің сезім градустары өлшеніп, таразыға тартылған. Біздің қосарымыз, Қасым ақын махаббат майданында көп жеңіскер болмаған. Сүйген де күйген. Жанған да сөнген. Бірақ жүрек шоғын сөндіре алмаған. Сөзіне де, ісіне де, сезіміне де берік Қасым аға соңғы тоқтамын Ақ Жайықтың қыз Жібегі — Сақыпжамал тәтемен тәмамдаған…

-Мен Қарқаралыны көрмедім, бірақ оқыдым, дейді ғалым. Өте көрікті, жер жаннаты деп жазады қаламгерлер. Бір таңғаларлығы — Қасым ағаның Қарағандысы мен Қарқаралысы Оралмен, Жайықпен алмасып кеткен. Қ.Аманжоловтың ең құнды жиһазы, шығармаларының толық жинағы — 3 томдықты біраз сүздім, оллаһи, табиғат лирикалары ішінен Орал мен Жайықты жырлағандай қызулық домналық леп, сұлу құштарлық көре алмадым. Әрине, мен іздеген, Қасекең жырлаған «Атамекен», «Ертіс», «Сарыарқа», «Шыңғыстауда», «Хорлығайын» (4 актілі, лирикалы либретто) шығармасындағы Маралды көлге, жеміс-жидек алаңы, бұлағы бұрқыраған тау бауыры, Иван Шуховтан аударған «Теміртау туралы әңгіме» шығармаларында керемет табиғат көріністері бар, бірақ бәрі-бәрі Орал-Жайықтан бәсең көрінеді.

Жарқын жүзбен жайраңдап,

Жатырсың ағып, Жайығым,

Жағаңда ойнап, сайрандап

Ескенмін заман қайығын, — дейді ақиық ақын.

Керемет, ойнақы, қарапайым да құдіретті сурет! Ой, дүние-ай!

Қасым ағаның «Орал» өлеңі — дүниежүзілік өлең антологиясына ұялмай ұсынатын жыр-жауһар. 1943 жылы
асығыс жазылған, белгісіз біреуден бе-ріп жіберген әдеби тәбәрік. Солдаттың асығыс сағыныш хатын поштаға салған үлкен жүректі адамға мың тағзым!

Адами мол сезімге, тұнық ойға шомылған, құдіреттей құйылған образ талай зерттеушілер қайталаған отыз екі тармақтың қайсысын мысалға алуға таңдарыңды білмейсіз. Өмір мен өлім белдесер шақтағы тұтанған сезім, торғын махаббат, ай мен күндей шағылысқан көңіл-күй, бірақ, бірақ «күндей күркіреген» соғыста жеңу салтанаты басым

Мысалы:

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам, шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Сонау бір шетте, сонау үй,

Кетер ме, сірә, көңілден?

Алушы ед тартып мені ылғи,

Махаббат, жастық лебімен.

Терезе алды — жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап, үйге еніп?..

Қош болшы енді, Оралым,

Күле бер шалқып, сайранда!

Айтпақшы, қайда бораның?

Кетейін алып майданға.

Қасым ағаның адамзат апаты, зұлым, 60 миллион адамды обырған соғыстан аман қайтуы — нағыз жыр сүйген қазақтың, әсіресе, Ақ Жайық өңірінің құдайдан жалбарынып сұраған бәтуәсі. Кім білсін, бұл дүниенің біз білмейтін құдіреті сан мың емес пе?!.

Қазақтың бас ақыны Абайдан, қыршын Сұлтанмахмұдтан соң қара өлеңді жаңаша бір қырынан дамытқан, қазақ өлеңіне қайрат-жігер, ашу мен кек, қайсар оптимизм берген ақын Қасым Аманжолов десе, сенесіз. Әйтпесе, мынадай жыр төгіле ме:

Дүниеге келер әлі талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

Өртке тиген дауылдай өлеңімді,

Қасымның өзі емес деп кім айтасың!

«Әдебиет өнер жарысы емес пе?! Киелі орын төріне ұмтылатындар ылғи күштілер болуға тиіс. Кім Қасыммен киелі қара өлең жекпе-жегіне шыға алады?! Біздіңше, ешкім де!», деп түйді ойын ғалым.

Перейти к новостям спорта