Ақындар асқақ жырын оқып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақындар асқақ жырын оқып берді

Ақындар асқақ жырын оқып берді

Кеше, қазанның 18-і күні Астанадағы «Тұран» мейрамханасында «Өнерпаз болсаң арқалан...» атты әдеби-өнер кеші болып өтті.

  • 20 Қазан 2010
  • 727
Фото - Caravan.kz

Бұл шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Осы кешке Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова мен «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет қатысып, жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді.

«Бір адамның кеші емес, соңымыздан еріп келе жатқан сүйікті жас дарын иелері, сіңлілеріміз бен інілерімізді жинап, өлеңдерін оқытып, әндерін тыңдап, бір жасап қалдық. Осы іске бастамашы болған Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасына, оның басшысы Оразгүл Асанғазыға рақмет. Кездесудің жаңа бір түрін ойлап тапқан екенсіздер. Бұл жерге жастардың тамақ жеуге емес, жырмен сусындауға жиналып отырғаны қуантады»,- деді ақын Фариза Оңғарсынова.
Өз кезегінде Ұлықбек Есдәулет: «Мейрамханада ақындардың сау отырғанын бірінші рет көріп тұрмын!» — деп әзілмен сөз бастады. Бұл да бір жақсы дәстүр болатынына сенім артқан ақын Ұлықбек астаналық оқырмандардың сұрауы бойынша бірнеше өлеңін оқып берді.
Айта кету керек, «Тұран» мейрамханасының екінші қабатында дөңгелете қойылған орындықтарға жырсүйер қауым өте көп жиналды. Әсіресе, колледждер мен орта мектептердің оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері қатысып, жүргізушінің поэзия әлеміне қатысты сұрақтарына белсенді жауап беріп отырды.
Еліміздің бірқатар өңірінен келген және астаналық жас ақындар өлеңдерін оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді және өлең өлкесінде жүрген аға ұрпақтың жоғары бағасына ие болды. Атап айтқанда, Ықылас Ожай, Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағыз, Ұларбек Дәлей және басқа жас дарын иелері өршіл өлеңдерін жатқа оқыды.
Жиналғандар үнтаспаға жазылып алынған Мұқағали Мақатаевтың өз даусымен оқыған өлеңін тыңдады.
Осы кеште ақын Роза Әлқожа өлең оқып, ән шырқады. Ал домбырашы Мұрагер Сауранбаев Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін тартып, кештің шырайын аша түсті.