«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің айтуынша, батысқазақстандықтар ойынның ең соңғы минутында доп жіберіп алып, ұтылуға мәжбүр болды.
Осының алдындағы турда Қостанайдың «Тобылын» ұтқан алматылықтар сол құрамды өзгерткен жоқ. Бірінші таймда Олег Недашковский есеп ашса, ойынның екінші кезеңінде Игорь Зенькович таразы басын теңестірді. Бұл ойында өзінің төртінші добын соққан беларусь легионері биылғы маусымдағы мергендер көшін бастаушылар қатарында.
Қалайда жеңіске жетуді ойлаған «Қайраттың» бас бапкері, белгілі словакиялық маман Владимир Вайсс екінші таймның аяғына таман үш бірдей тың ойыншыны қосты. Солардың бірі Руслан Сақалбаев өткен жылғы маусымда да «Қайраттың» өз алаңында дәл осындай есеппен «Ақжайықты» ұтуына сүбелі үлесін қосқан болатын. Бұл жолы да оның дәл берген пасынан кейін тыңнан қосылған тағы бір ойыншы Сергей Кейлер жеңіс добын соғып кетті. Бұл матчта И.Зеньковичтің қақпашымен жекедара шығып, өз мүмкіндігін тағы да пайдалана алмағанын айта кету керек.
Сөйтіп қатарынан екі мәрте ұтылған «Ақжайық» тоғызыншы орынға түсіп қалды. Жағдайын қиындатып алған оралдықтар 24 сәуір күні кезекті турда өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуін» қабылдайды. Ойын 18.00-де басталады. «Жетісу» — биылғы маусымда жеңілістің дәмін татпаған команданың бірі. Ол бес рет тең түсіп, бір ойында жеңіске жеткен.