«Округтік сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің депутаттығынан үміткер Болат Әбілов белсенді сайлау құқығына ие екенін анықтады»,- деді шешімді жария еткен округтік сайлау комиссиясының төрағасы Б.Ахметов.
Бүгін Б.Әбіловқа депутаттықтан үміткер деген куәлік табыс етілді.
Тіркелу туралы журналистерге түсініктеме берген Б.Әбілов Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының шешімі оның қарсы аппеляциясына байланысты заңды күшіне енбегендіктен, қазіргі жағдаймен өзінің белсенді сайлау құқығына ие екенін атап өтті. «Егер қалалық сот шешімді менің пайдама шығарса, онда мен сайлауға жіберілемін, ал егер сот аудандық соттың шешіміне қосылып, мені айыпты деп тапса, онда округтік сайлау комиссиясы куәлікті қайтарып алып, мені сайлауға жібермей қоюға тиіс»,- деді ол.
Жалпы алғанда Астана қалалық №2 сайлау округі бойынша мәжіліс депутаттығынан үміткер 17 адамның аты ұсынылды. Қазіргі жағдаймен 4 кандидат тіркелді.