Жарияланды: 540

«Әр атыраулық жылына екі центнер зиянды зат жұтады» - БАҚ-қа шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Меценат» деген тақырыппен білім саласына 1 миллиард теңге бөлген кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев туралы мақала берілген.

«Ешқандай алыс-беріссіз, дәм-тұз­сыз-ақ кейбір адамдарды өзіңе жақын тартып жүресің. Біз үшін Сейітқали Алшынбаев - сондай адамдардың бірі. Пақырыңызға пайдасы тиюі міндет емес. Оның ісі, жүріс-тұрысы, тірші­лі­гі, өзге жұртқа қамқорлығы қымбат. Содан болар, жоғарыда айтқан жиыннан кейін кәсіпкерді іштей өзімізге кейіпкер санағанбыз. Одан бері де біршама уа­қыт озды. Су ақты. Алшынбаев әлеміне дендеп енудің сәті енді түскендей» - дейді мақала авторы. Мақалада Қызылорда қаласында 320 орындық балабақшаны өз қаржысына салған азамат туралы егжей-тегжейлі әңгімеленеді. Газеттің 6-7 айқара беті әдеттегідей ел өңірлеріне арналған. Бұл жолы «Ұлыс ұйытқысы - оңтүстік» деген тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысы туралы мақала беріліп отыр. Айқара бет аталған облыстың құрылғаны 80 жыл толуына орайластырылыпты. «Орны бөлек өлке», және «Оңды істер бар осындай» атты көлемді мақалалар Оңтүстік өңірдің өмірімен жан-жақты таныстырады. Сондай-ақ, газеттің «Тағаттылық таңдауымыз» атты тұрақты айдарында «Шіркеу атын жамылған» деген тақырыппен әлемдегі қауіпті секталардың бірі - саентология туралы зерттеу материалы берілген. «Саентологиялық қозғалыс мүшелері бұл жерде қиыншылыққа тап келіп, оны шешудің жолын таба алмай, әрі-сәрі күйде жүрген адамдардың басындағы проблемаларды өте тиімді пайдаланады. Оларға үйіп-төгіп уәде береді, бар қиын­дықтан құтылудың «жолдарын» көрсе­теді. Психологиялық тәсілдердің түр-түрін қолданып, қарапайым жандардың сеніміне кіреді. Басы қатып, санасы у­лан­ған жан олардың жетегінде кеткенін білмей де қалады. Оның соңы орны толмас өкінішке, психикалық ауыр дертке ұрындырады, тіпті өлімге апарып соқтырады» - деп жазады газет. Мақалада сектаның қалай құрылғандығы, дінді қалай бизнеске айналдырғандығы жөнінде және Қазақстанға қашан, қалай келгені турасында тарқатылып жазылған. *** «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Ой-көкпар» айдарында «Мектептер мен балабақшалардағы тамақтандыруды тендерсіз жүзеге асыру керек деген пікірмен келісесіз бе?» деген сұраққа түрлі тараптардың айтар ойы берілген. «Балалардың науқасқа шалдығуының басты себептерінің бірі - нашар тамақтану. Сондықтан мектеп пен балабақшадағы балалардың сапалы тамақтануының маңызы зор. Әсіресе мектептерде оқушыларды бір мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз ете бастағалы көптеген ата-ананың көңілі жайланғандай болған еді. Алайда сол күнделікті балаларға беріліп жүрген тамақ еліміздегі Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің бекіткен нор­ма­ти­в­іне қаншалықты сәйкес екендігі назардан тыс қалып отырғаны жасырын емес. Оған дәлел кейбір өңірлердегі балаларымыздың өте төмен бағада тамақтандырылуы, тіпті кейбір өңірде тамақтандыруды мойнына алған кәсіпкерлердің оқу жылының аяғына жетпей балаларды «аш» қалдырып, тайып тұруы «балаларды тамақтандыруды тендерсіз жүзеге асыру» жайлы ұсыныс айтуға итермелеп отыр. Алайда «тендерсіз азық-түлікті мектеп басшылығына беріп қою да оның талан-таражға түсуіне мұрындық болады» деп бұл ұсынысқа қарсы пікір айтушылар да баршылық. Сондықтан мәселеге қатысты мамандар пікірін тұрақты айдарымызда таразылап көрген едік» делінген газетте. Бұл мәселе бойынша «Ия» деп Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразова жауап берсе, Сенат депутаты Ғарифолла Есім «жоқ» деген пікірде өз ойын өрбітеді. Осы газеттің «Мәселе» айдарында «Әр атыраулық жылына екі центнер зиянды зат жұтады» деген тақырыппен проблемалық мақала берілген. «Өндірісі өрістеп, өркен жайып келе жатқан мұнайлы өңірдің мұңы да аз емес. Әуелгісі, әрине, экология. Ішер су мен жұтар ауа лас болса, ол халықтың келешегі жайлы жарқын болжамдар жасау қателік болар еді. Өйткені зиянды заттарға бөккен ауамен тыныстаған елдің денсаулығы құрып барады. Бүгінде Атырауда 42 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардан ауаға жылына бір мың тоннадан асатын зиянды заттар тарайды екен» - дейді мақала авторы. Оның айтуынша, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың ішінде Экологиялық кодекстің талаптарын сақтап отырғандар некен-саяқ. Жер қойнауын пайдаланушылардың стационарлық мекемелерінің бірде-бірі әлі күнге дейін тазарту қондырғыларымен жабдықталмаған. Бұл - зиянды шығарындылар сүзгіден өткізілмеген күйі ауаға тазартылмай кетіп жатыр деген сөз. Экологиялық кодексте тазарту қондырғыларынсыз кәсіпорынды іске қосуға болмайды делінгенімен, оған назар салған жан баласы көрінбейді. *** «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Түйткіл» айдарымен «кеңестік жағалаудан қашан бас тартамыз?» атты мақала берілген. Мақалада белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның жақында Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарындағы «ов» жалғауын алып тастағандығы туралы жазылады. Бұрыннан бері Айдос Сарым деп аталып жүргенімен, құжаттарындағы «тіркеме» жанына маза бермеген көрінеді. «Мұның бір ғана себебі бар: ол - намыс, ұят» деп түсіндіріпті саясаттанушы. Ал сенатор Ғарифолла Есім -ов жалғауын Кеңес одағы кезінде-ақ алып тастаған екен. «Сол уақытта бұл туралы арнайы заң жоқтығына қарамастан, маған құжаттарымды өзгертіп берді», - дейді сенатор.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін