Алайда сарапшылардың пікірінше, үнемдеуге болмайтын салалалар бар. Қай кезде белді буып, қай кезде ақша жұмсауға қатысты кеңестерімен бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Туристік фирманың директоры Татьяна Фирсова Digital Business орыс басылымына берген сұқбатында қазақстандықтар демалысқа жұмсалатын қаражатты бұрынғыдан да қатты үнемдей бастағанын айтты. Соңғы уақытта 5 жұлдызды қонақүйлерге сұраныс төмендеген.
«Туризм жағынан алғанда, қазіргі таңда адамдар барынша үнемді нұсқаларды таңдайтынын байқаймыз. Егер 10 жыл бұрын туристеріміз 5 жұлдызды премиум санаттағы қонақүйлерді таңдаса, қазір олар қарапайым қонақүйлерге тоқтағанды жөн көреді. Адамдар жеңілдіктер мен ыстық тұрған турларды асыға күтеді. Бұрын, керісінше, олар турды алдын ала брондауды жөн көретін, олар үшін ең бастысы қонақүй сапалы болса болғаны», — дейді сала маманы.
Әр екінші тур — несиеге
Маман халықтың қарызға батып жатқанын айтып, тіпті шегіне жеткеніне алаңдаулы. Қазір әр екінші тур несиеге немесе бөліп төлеу арқылы рәсімделеді екен.
«Өз жұмысымнан-ақ халықтың шамадан тыс қарызға батқанын байқаймын. Шетелге демалу үшін адам алдын ала жинаған қаражатына ғана мүмкіндік бере алатын дүние. Бірақ қазір адамдар тур сатып алу үшін үнемі несие алады, ал бұл дұрыс емес», — дейді Татьяна Фирсова.
Сарапшының кеңесіне құлақ ассақ, демалыстан емес, мейрамханалар мен сән-салтанаттан үнемдеу керек. Татьяна да жеке шығындарын қысқартқанын жасырмайды. Қымбат әрі сәнді мейрамханалар мен демалыс орындарының орнына серуендеуді және үйдегі асты таңдаған.
«Бұл денсаулыққа пайдалы. Серуен ағзаны шынықтырады, ал үйдің тамағы асқазан-ішек жолына пайдалы. Жеке өз басым, қазіргі дағдарысты ең алдымен азық-түлік бағасынан сезінемін. Әсіресе көкөніс пен жеміс-жидек нағыз байлыққа айналды. Сондай-ақ біз мейрамханаларға сирек баратын болдық, себебі қоғамдық тамақтану орындарындағы баға бірнеше есе өсіп кетті, ал тағам сапасы сын көтермейді», — деп түйіндеді Татьяна Фирсова.
Кедейлік тереңдеп барады
Халық көп жағдайда өздерінің қалауларын шектеп, үнемдеу дұрыс деп санайды. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев дұрыс үнемдеуді неден бастау керек деген сұраққа жауап берді.
Саясаттанушы қазіргі жағдайда ешқандай жаңашылдық көріп отырмағанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда үнемдеу режимі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.
«Өткен жылы кейбір сарапшылардың бағалауынша, қазақстандықтардың 50%-дан астамы ең төменгі жалақыдан аз табыс тапқан. Түрлі аналитикалық құрылымдардың деректеріне сәйкес, елдегі отбасылардың шамамен 60%-ы табысының 70%-ға жуығын тек азық-түлікке жұмсайды. Инфляцияның өсуі, теңгенің құнсыздануы мен халықтың қарыз жүктемесінің артуы кедейлік мәселесін тереңдетіп отыр. Сондықтан белді қаттырақ буу процесі елімізде бірнеше жылдан бері жалғасып келеді», — дейді Сәтпаев.
Досым Сәтпаев өзі де шығындарының артқанын мойындайды. Бұл, негізінен, азық-түлік пен коммуналдық қызметтер секілді негізгі қажеттіліктерге байланысты орын алған.
«Мен де көптеген қазақстандықтар сияқты азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің қымбаттауын қатты сезіндім. Өзім Кеңес дәуірінде дүниеге келген Х ұрпағына жатамын. Ол кезде тапшылық пен қарапайым қажеттіліктермен өмір сүру үйреншікті жағдай еді. Жадымда азық-түлікті талонмен алған кездер әлі сақтаулы. Мүмкін, сол уақыт менде «спартандық» өмір салтын қалыптастырған болар: тек маңызды әрі қажетті нәрсеге ғана шығынданамын. Ол тізім өте қысқа. Антик дәуірде айтылғандай: адам бақытты болу үшін көп нәрсе қажет емес, жеткілікті болса болғаны», — дейді саясаттанушы.
Қаржыңызға сай өмір сүріңіз
Саясаттанушы отбасылық бюджеттегі тұрақтылықты сақтау үшін ең басты қағиданың бірі – «шамадан тыс шығындалмау» екенін айтады. Егер бір затқа ақшаңыз дәл қазір жетпесе, бұл қажетсіз шығын деген сөз.
«Мысалы, мен ешқашан тұтынушылық несие алып көрмедім. Өйткені әрдайым табысым жететін шеңберде ғана шығындануға тырысамын. Қазақстандық өлшеммен алғанда мен интеллектуалды еңбекпен табыс табатын орта тап өкіліне жатамын. Бұл көп емес, бірақ жеткілікті. Десе де теңгенің құнсыздануы қаржылық тұрақтылыққа айтарлықтай әсер етеді», — деп түсіндіреді ол.
Кей жағдайларда қаржыны үнемдемей, керісінше, жұмсау қажет. Яғни адамның дамуы мен болашағына бағытталған маңызды салаларға келгенде ақшаны аямау керек.
«Экономикалық жағдай қиын болған кезде қаржылық сауаттылық пен ресурстарды басым бағыттар бойынша дұрыс бөлу өте маңызды. Өз басым үш салаға қосымша қаражат жұмсауға тырысамын. Біріншіден, білімге — өзіме де, жұбайыма да, балаларыма да. Себебі бұл өмірде көп нәрседен айырылуыңыз мүмкін, бірақ біліміңіз бен дағдыңыз сізбен бірге қалады — егер оларды дамытып отырсаңыз. Екіншіден, балаларымның спорттық секцияларына. «Салауатты тәнде — салауатты рух» демекші. Үшіншіден, саяхатқа. Өйткені бұл балалардың дүниетанымын кеңейтіп, әлемге басқаша көзқараспен қарауына ықпал етеді», — деп түйіндеді Досым Сәтпаев.