«Аралды қайтадан қалпына келтіру мүмкін емес, бірақ сол маңдағы экологиялық ахуалды тұрақтандыруға үміт бар»,- деді А.Самақова.
Осы орайда министр Орталық Азия республикалары мемлекет басшыларының шешімімен Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту жөніндегі 2003-2010-жылдарға арналған нақты іс-шаралар бағдарламасы бекітілгенін еске салды. А.Самақованың айтуынша, бұл бағдарлама аясында қазірдің өзінде 148 елді мекенді сапалы сумен қамтамасыз ететін тоғыз бірдей су құбыры желісі тартыла бастады. «Нәтижесінде Аралдың Қазақстандық бөлігіндегі аталмыш проблема түбегейлі шешіледі деген сөз». А.Самақованың айтуынша, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға Ғаламдық экологиялық қор, БҰҰ-ның даму бағдарламасы, БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы, Әлемдік банк, Еуропалық және Азиялық даму банктері, ЮСАИД пен басқа да халықаралық ұйымдар атсалысуда.
Соған қарамастан, министрдің айтуынша, «Арал теңізіндегі су деңгейін тым құрыса қазіргі деңгейде сақтау, Сырдария суының тартылу құбылысына тосқауыл қою, Арал аймағындағы жерлердің деградациялануын бәсеңдету тәрізді мәселелерде Қазақстанға халықаралық ұйымдардың қосымша көмегі қажет». «Біз Азия-Тынық мұхиты аймақтық форумынан осы мәселелердің шешімін, жалпы Арал тауқыметін өз бақылауына алуды сұраймыз»,- деді қоршаған ортаны қорғау министрі.