Сахна шымылдығы Өтеген Спановтың ақын Елеусіз Кенебаевтың сөзіне жазылған әйгілі «Арал вальсімен» ашылды. Кезінде осы өңірдің ұранындай болған бұл әуен шырқалғанда, оған бүкіл зал қосылып кетті.
Ән кешін аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев құттықтау сөзбен ашты. Сахнаға бірінші болып аудандық мәслихаттың хатшысы Әнес Әуезов көтерілді. Заманында Ташкенттегі «Замандас» қазақ телеарнасында өнер көрсеткен, «Жас түлек» ансамблінің белсенді мүшесі болған ол Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін әуелете шырқады. Бұдан кейін кәсіби деңгейдегі өнер майталмандарына кезек келді. Осылайша ретро әндер кеші аудан орталығында дүркіреп өтті.