Қазақстанда әлеуметтік желіде тараған "Қазақ қызы қытай жігітіне тұрмысқа шықты" деген мазмұндағы видео қызу талқыланды. Бұл видеодағы көріністі сынағандар да, әлеуметтік желіде өз қарсылығын білдіріп, жазба жариялағандар да көп болды. Әлеуметтанушылар мен құқық қорғаушылар Қазақстандағы аралас некеге деген қорқыныштың себебін әртүрлі түсіндіреді.
Астана тұрғыны Айжан жеті жыл бұрын ағылшын жігітіне тұрмысқа шыққан. Бүгінде ерімен бірге екі қыз тәрбиелеп отыр.
— Тұрмысқа кеш, 32 жаста шықтым. Оған дейін көңілім қалайтын адамды кездестіре алмай жүрдім. Анам [басқа ұлтқа тұрмысқа шығам дегенде] "бастысы сен бақытты болсаң болды" деді. Әкем екі жылдай келісім бермей жүріп алды. Кейін күйеу баласымен жақын танысып, келісті. Ата-анам "немерем қандай тілде сөйлейді, салт-дәстүрді ұмытып кетеді" деп уайымдады. Қазір отбасымыз Қазақстанда тұрып жатқан өзге отбасылардан еш кем емес. Екі қызым қазақша да, ағылшынша да еркін әрі таза сөйлейді. Ораза ұстаймыз, ауызашар жасаймыз, туыстарымызға айттап барамыз, — дейді Айжан.
Айжанның айтуынша, тұрмысқа шыққан алғашқы жылы жақындары оны көп сөккен туыстары қазір олардың некесіне түсіністікпен қарап, "адам жақсы болса болды" деген ұстанымда. Дегенмен, Айжанның сөзінше, көшеде ерлі-зайыптыларға сұқтанып қарайтындар әлі де бар.
"ГЕНДЕРЛІК КЕМСІТУШІЛІК"
Қоғамдағы гендерлік теңдік туралы жазып жүрген блогер Зәуре Батаеваның айтуынша, аралас неке дауында көбіне қыздарды айыптап жатады. Ол мұны гендерлік кемсітушілік деп санайды.
— Қоғамда қызды зат сияқты иемденіп, олардың жеке өміріне жаппай кірісу, жұрт алдында тіл тигізу жиі кездеседі. Бұл ұлтқа жанашырлық емес, керісінше, қазақ қыздардың құқығын аяққа таптау деп ойлаймын. Бірақ олай істеуге неге жол берілді? Бұл үшін неге ешкім жазаланбайды? Бұл сұрақты гендерлік мәселе мамандары тереңірек зерттеп, халықтың көзін ашуы тиіс еді. Бірақ бұл жағынан кенже қалып отырмыз. Себебі, қазақ тіліндегі гуманитарлық ғылымдардың деңгейі төмен. Нәтижесінде қазақ тіліндегі БАҚ деңгейі, БАҚ бетінде қолданылатын тіл мәдениеті өте төмен. Қазақ тілді БАҚ-та қазақ қыздарды жазғыру баяғыдан бар, — дейді блогер.
Зәуре Батаева "қазақ қызын қандай да бір әрекеті үшін жаппай сөгу, жеке өмірін көпшілік алдында талқылау, видеоға түсіріп келеке ету – ішкі расизмнің көрінісі" деп біледі.
Қазақтың ұлттық киімін киген қалыңдық Мая Манеза мен күйеу жігіт Вячеслав Ершовтың үйлену тойы. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
— Бұл жерде "қызға қырық үйден тыйым" деген уәж айту күлкілі. Себебі, Конституцияның 18-бабында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзі мен отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бары атап көрсетілген. Біреудің жеке шаруасына кірісу, бөтен адамға жөн көрсетіп, ақыл айту, одан қалса көпшілік алдында "тәртібін" талқылау – Совет одағынан қалған жаппай қадағалау режимінің қалдығы. Екіншіден, біреудің жеке өміріне кірісу, жұрт алдында балағаттап, тілі тигізу, ұрып-соғуға, күш көрсетуге шақыру – заң тілінде "зорлық-зомбылық", тіпті "бандитизм" деп аталады. Бұл – қылмыс. Яғни, бұл азаматтарымыздың адам құқығы тұрғысынан сауатсыз екенін көрсетеді, – дейді Зәуре Батаева.
"ҰЛТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУ" ЖӘНЕ "СИНАФОБИЯ"
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсенбаев аралас неке дауында қыздарды "кінәлі етіп шығару құбылысын" қазақ қоғамындағы әйелдер статусының төмендігімен түсіндіреді.
Біздің патриархалды қоғамда гендерлік теңсіздік қалыптасып қалған. Бізде әйелдерді кемсіту кең тараған.
— Біздің патриархалды қоғамда гендерлік теңсіздік қалыптасып қалған. Бізде әйелдерді кемсіту кең тараған. Сондықтан дәл осы мәселеде, шетелдікке үйленген жігітті емес, шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қызын айыптау – табиғи құбылыс. Біздің қоғамда соңғы жылдары "ұлттық құндылықтарды қорғап қалу", "ұлтты сақтау" деген дискуссиялар күшейді. Мұның түп-тамыры тереңде жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ұлт ретінде қалыптасу процесі жүріп жатыр. Әлі де идентификация процесінің аяқталмағанынан біз қоғам ретінде, әлемдегі өзгерістер кеңістігінде өзімізді сенімді сезінбейбіз. Бізге жан-жағымыздан қауіп төніп тұрған сияқты, мәдени құндылықтарымызды жойып жіберетін, бізді біреулер басып алатын секілді көрінеді. Бұл – қалыптасу үстіндегі қауымдастыққа тән құбылыс, — дейді сарапшы.
Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешевтің ойынша, аралас некеге деген қарсылық Қазақстан қоғамындағы синафобиядан шыққан.
— Қытайдағы қазақтардың қамалып жатқаны Қазақстан қоғамында бұрыннан бар синафобияны күшейтіп жіберген сияқты. Қарасаңыз орыс, түрік, еуропалық не ТМД елдерінің азаматтарына тұрмысқа шығып жатқандарға қатысты қатты қарсылық жоқ. Бұл халықаралық қатынасқа сызат түсіруі мүмкін, — дейді сарапшы.
Ал қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов "өзгенің жеке өміріне араласу — адамның құқығына қол сұғу" деп санайды.
Ұлттың жақсысы я жаманы болмайды. Қазіргі заманда адам құқығын құрметтейтін отбасы берік болады
— Ұлттың жақсысы я жаманы болмайды. Қазіргі заманда адам құқығын құрметтейтін отбасы берік болады. Ал адам құқығы жиі бұзылатын авторитарлы елдерде, әдетте, кез келген істен жақсыны емес, жаманды бірінші көреді. Қазір әлемде жаппай жаһандану процесі жүріп жатыр. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтап, оны жалғастыру өте маңызды. Осы арқылы біз мәдени және этникалық сан алуандылықта өз орнымызды сақтай аламыз. Егер жастар осыны түсінсе, некенің аралас я аралас емес екені маңызды емес, олардың балалары екі түрлі мәдениет пен екі тілді біліп өсетіні маңызды, — дейді Ғалым Ағелеуов.
Қазақстан статистика комитетінің дерегінше, 2016 жылы елде 4812 қазақ жігіті басқа этнос өкілдерімен некеге тұрған. Ал 4328 қызық қызы өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шыққан.