Аралды құтқару белсенді жаңа қарқын ала бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Аралды құтқару белсенді жаңа қарқын ала бастады

Аралды құтқару белсенді жаңа қарқын ала бастады

Қазақстан Орталық Азияның орнықты дамуы жөніндегі мемлекетаралық комиссиядағы төрағалығын ресми түрде Тәжікстанға тапсырды. Осы аптаның соңында Астанада өткен бұл жиынға Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан делегациялары қатысты.

  • 18 Қараша 2012
  • 497
Фото - Caravan.kz

«Жасыл көпір» «РИО+20» өңіраралық серіктестік бағдарламасын дайындау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Болат Есекиннің айтуынша, халықаралық комиссия 1993 жылы Арал теңізін сақтап қалу бойынша келісімнің бөлігі ретінде құрылған еді. Оған Орталық Азия елдерінің барлық қоршаған ортаны қорғау министрлері, экономика вице-министрлері, сондай-ақ ОА-дағы басқа да ведомстволар мен ғылыми мекемелердің өкілдері кіреді.

«Әр екі жылда төрағалық келесі мемлекетке ауысып отырады. Бүгін Қазақстан өзінің өкілеттілігін Тәжікстанға тапсырды», — деді ол Орталық Азияның орнықты дамуы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның отырысында.

Атап айтқанда, комиссияның басты мақсаты — Арал маңындағы елдерде экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға негізделген.

«Қазақстан Арал теңізін сақтап қалу бағытында барынша мүдделі тарап болып табылады. Егер де келісілген іс-қимылдар болмаса, онда проблеманы шешуде қауқарсызбыз. Сондықтан да мемлекетаралық комиссияның шешімдерін іс жүзінде атқару маңызды», — дейді сарапшы.

Мамандардың пайымынша, Арал теңізінің деңгейін арттыру үшін ОА елдері ең алдымен, суды тиімді пайдалану технологиясын енгізуі шарт. Бұның астарында ең қарапайым әдіс — ол аймақтағы суармалы егістерге тартылған арықтарда суды жоғалту көлемін барынша төмендету жатыр. Өйткені, өзен арналарынан тартылған бұл арықтарда судың басым бөлігі текке рәсуә болып жатыр екен. Сонымен қатар аталған егістерде тамшылап суару технологияларын енгізудің маңыздылығы соңғы кезде жиі айтылып жүр.

Биылғы қыркүйекте Астанада Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен кездескеннен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аралды құтқару маңыздылығы бойынша біздің көршілес және бауырлас елдерге, яғни өзендердің (Сырдария, Амурдария) жоғарғы бастауында орналасқан мемлекеттерге өзеннің төменгі жағындағы елдер судың жетіспеушілігі сезініп жатқандығын баса айтып, «бауырластық сәлемін» жолдаған болатын.

«20 жыл қолданып келген қадамдар аясында, қажетті су көлемі Арал теңізіне құйылуы тиіс еді. Алайда, тиісті деңгейде су теңізге жіберілген жоқ, себебі Орталық Азиядағы халық саны соңғы 20 жылда 2 есеге өсті. Демек, халыққа қажетті азық-түлік көлемі жыл сайын артып, өзеннің жоғары ағысындағы елдер суды көптеп пайдалануда», — дейді Б. Есекин. Оның пайымдауынша, енді «Жасыл көпір», «Жасыл экономика» бағдарламасы арқасында жаңа технологиялар енгізіліп, егіс алқаптарында суды тиімді пайдаланудың тетіктері пайдаланылса, Арал мәселесін шешудің қарқыны арта түспек. Яғни, осы орайда бауырлас елдердің билігі Арал теңізін аман алып қалу тұрғысындағы келісімдерін іс жүзінде орындаса игі деген үміт артамыз.

Мәселен, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың атқарушы комитетінің төрағасы Сагит Ибатуллиннің сөзіне қарағанда, Аралдың қазақстандық бөлігін 1965 жылдағы деңгейге жеткізу үшін 7 жылдай уақыт керек екен.

«Бүгінде Арал теңізінің қазақстандық бөлігін ұлғайту бойынша екінші фаза жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде техникалық мәселелер келісілуде. Бізде Аралдың Қазақстан аумағындағы бөлігін 1965 жылдағы деңгейге жеткізудің мүмкіндігі бар», — дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, теңіз ХХ ғасырда ауданы жағынан (68 мың шаршы шақырым) әлемде төртінші орында болған болатын, бірақ 1960 жылдардан бастап теңіздің алабы тартылып келеді. Алабындағы шаруашылық мақсаттарға үздіксіз су алу барысында теңіз деңгейі 18 метрге төмендеді. Нәтижесінде теңіз 2 суқоймаға — Үлкен Арал және Кіші Аралға бөлініп қалды. Сол кезде ғалымдар теңізді қалпына келтіру мүмкін емес деген пікірді айқан болатын.

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» («САРАТС») жобасы аясында 2003-2005 жылдары Қазақстан Көкарал бөгетін салған болатын. Осының арқасында Сырдарияның су ағыны Кіші Аралда жинала басталды, бұндағы су деңгейі теңіз деңгейінен 42 метрге дейін жоғарылап, тұзданудың көрсеткіштері төмендеді.

Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың атқарушы комитеті төрағасының айтуынша, егер де 1965 жылы теңіз деңгейі 52 метрді құраған болса, жоғарыда аталған мерзімде 50 метрге дейін қалпына келтіру жоспарланып отыр. «Дегенмен де Арал 50 жыл бойы тартылып, құруға жақындады. Егер де біз қазақстандық бөлігін қалпына келтірсек, менің ойымша болашақ ұрпақ үшін оның қалған бөлігін де жақын арада толтыратын болмыз», — деген батыл болжамын ол алға тартты.

Белгілі болғандай, «Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізінің арнасын реттеу жобасының ІІ фазасын жүзеге асыру басталды. Бұл өз кезегінде Кіші Аралдың деңгейін Арал қаласына дейін көтеруге мүмкіндік береді. Осылайша, қалаға айлақ атағын қайтаруға, өзен сағасының көлдер жүйесін толығымен қалпына келтіру мүмкіндігі іске асырылмақ.

«САРАТС» жобасының бірінші фазасы табысты аяқталғанына тоқталған С. Ибатуллин, қазіргі кезде екінші фаза іске асырылып жатқандығын, онда Шардара су қоймасын техникалық тұрғыда бекемдей түсу, Сырдария өзені арнасы бойынша бірқатар жұмыстар, сондай-ақ Солтүстік Аралды қалпына келтіру мәселелері қамтылғанын ескеріп өтті. Бастапқы есептеулерге қарағанда бұл жұмыстарға 19 млрд. теңгеден астам қаржы қажет болмақ.

Атқарушы комитет төрағасының сөзінше, Арал жағалауы бойынша экотуризмді жаңғырту мүмкіндігінің әлеуеті жоғары.

Бұдан бөлек С. Ибатуллин Аралдың табанына сексеуіл отырғызу тұрғысындағы Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанның бірлескен жобасы жайында айтып өтті. «Бұл жұмыстар өте табысты жүріп жатыр десек болады. Әсіресе, осы шараларға Өзбекстан жағы белсенді кірісуде. Атап айтқанда, Аралдың құрғап қалған табанын сексеуілдің тұтас плантациялары жауып келеді. Яғни, жел енді бұрынғыдай құм мен тұзды ұйытқып шығарып жатқан жоқ. Бұл жерлерде жануарлардың кейбір түрлері де таралып, биоәралуандық өзіндік қарқын ала бастады. Біз осындай қадамдарды қолдаймыз және осы бағытта бұдан әрі қарай да ынтымақтасуға ниеттіміз», — дейді ол.

Биылғы жылдың басында Аралдың табанына сексеуіл егіліп жатқандығын Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да хабарлаған болатын. Мұндағы мақсат — Арал теңізі табанынан көтерілетін тұзды-шаңның ауаға таралуын барынша азайту. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын аймақтық бағдарламаға сәйкес биылғы жылы жалпы көлемі 2 600 гектер жерге сексеуіл егу көзделіп отыр. Сонымен қатар, республика аумағында орман-тоғайларды сақтау және қылқан жапырақты ағаштардың көлемін ұлғайту мақсатында 2007-2013 жылдардағы кезеңге арнайы қабылданған жоспар бойынша Арал теңізі табанының 14 500 гектарына қара сексеуіл егілмек. Бұған қоса, тұзды-шаң басқан теңіз аумағына Қазалы ауданындағы тәлімбақта арнайы өсірілген сарсазан мен басқа да тал-дарақтарды егу жоспарланған көрінеді.

Айта кетейік, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қызылорда облысына сапары барысында Мемлекет басшысының айрықша бақылауға алып отырған жобаларының бірі — Арал теңізін сақтап қалу екенін қадап айтты. Осы орайда Үкімет басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстық әкімдікпен бірлесе отырып, солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстарының соңғы нұсқасын аяқтауды және жобаны кезең-кезеңмен іске асыру жоспарын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ С.Ахметов тиісті мемлекеттік органдарға Қызылорда облысын газбен жабдықтау және Сырдария өзенінің арналарын тазалау жөнінде тапсырмалар берді. Осы тұрғыда айтарымыз, Аралды сақтап қалу аясындағы жұмыстар енді бұрынғыдан да белсенді қарқын алатын секілді.

Соңғы жаңалықтар