Араны ашылған кәсіп иелері: Риэлтор өз пайдасын ғана ойласа, сатушы құқығын кім қорғайды? - kaz.caravan.kz
  • $ 475.31
  • 555.54
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Араны ашылған кәсіп иелері: Риэлтор өз пайдасын ғана ойласа, сатушы құқығын кім қорғайды?

Араны ашылған кәсіп иелері: Риэлтор өз пайдасын ғана ойласа, сатушы құқығын кім қорғайды?

Елімізде жылжымайтын мүлік нарығында риелторлардың қызметін реттейтін заң жоқ. Сондықтан сатушылардың құқықтары да қорғалмаған.

  • 9 Сәуiр
  • 50
Жасанды интеллект

Қазір пәтеріңді сатуға шығарсаң, саған ең бірінші хабарласатын клиент емес — риэлтор. Олар өз қызметін ұсынып, пәтерді сатып беруге уәде береді. Сатушының сеніміне кірген соң келісімшартқа қол қоюды талап етеді. Риэлторлар ұсынған шарттар көбінесе біржақты, яғни тек солардың пайдасына арналған, ал сатушының жағдайы мүлде ескерілмеген. Caravan.kz медиа порталының тілшісі риэлтормен жасасқан келісімшарттың мазмұнынын оқып, журналистік зерттеу жүргізді.

Біржақты келісім 

Риэлторлармен жасалатын келісімшартта көзге түсетін ең басты мәселе – 90 күндік эксклюзивті құқық. Яғни, сатушы осы уақыт ішінде өздігінен ешқандай әрекет жасай алмайды, тіпті жарнамалауға құқығы жоқ, егер туыстарына не таныстарына сатса да комиссия төлеуге міндеттеледі. 

Мысалы, келісімшартта көрсетілген:

  • сатушы басқа риэлторлармен келісімшарт жасай алмайды.
  • 90 күн бойы өз бетінше сату немесе жарнама жасауға болмайды.
  • барлық келіссөздер мен көрсетілімдер тек риэлтор арқылы жүргізіледі. 

Бұл шарттар сатушынының құқығын шектейді. Осылайша жіпсіз байланған үй иесі 3 ай күтуге мәжбүр болады. Ал риэлтор осы 90 күн ішінде пәтерді сатуға міндеттелмейді. Келісімшартта ол туралы жазылмаған, және ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. 

Келісімшартта жазылған риэлтордың міндеттері де түсініксіз. Ол «қоңырауларды адал өңдеу», «жұмыс барысы туралы хабарлау», «көрсетілімдерді ұйымдастыру» деп қана көрсетілген. 

Жауапкершілік сатушының мойнында 

Келісімшарт бойынша:

  • Егер сатушы келісімді бұзатын болса, барлық қарастырылған комиссия мен айыппұлды төлейді.
  • Егер сатушы көрсетілген 90 күн ішінде келісімшартқа сәйкес әрекет етпесе, тіпті сатушы ешқандай пайда көрмесе де риэлторға өтемақы төленеді.
  • Риэлтордың қателігі, не пәтердің сатылмауы сынды жағдайда да ол ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. 

Басқаша айтқанда, барлық тәуекел сатушыға жүктелген, ал риэлтор өзіне ешқандай қаржылық немесе заңдық жауапкершілік алмайды.

Қызмет құны

Келісімшарт бойынша төлем құрылымы да айқын көрсетілген:

  • 44 млн теңгеге дейін – 440 000 теңге.
  • 44 млн – 130 млн теңге аралығы – 1%.
  • 130 млн теңгеден жоғары – 2%.

Төлем мәміле жасалғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Бірақ кез келген шарт бұзылған жағдайда, сатушыға айыппұл қарастырылған.

Құпиялылық және ақпаратты бақылау

Сатушы келісімшартта көрсетілген ақпаратты үшінші тұлғаларға жарияламай, бақылауда ұстауы қажет. Бұл  да сатушыға қосымша жауапкершілік жүктейді, ал риелтор ақпаратты қорғауда нақты міндеттемелерге ие емес.

Келісімшартты бұзудағы қиындықтар

  • Келісімшартты бұзып, қызметтен бас тарту 15 күннен кейін жүзеге асады;
  • Айыппұлдар мен міндеттемелер тек сатушыға жүктелген;
  • Риелторға ешқандай қаржылық немесе уақыт бойынша шектеу қойылмаған.

Көлеңкелі нарық және алаяқтық қаупі

Жылжымайтын мүлік платформалары қауіпсіз деп айтуға келмейді. Кейбір азаматтардың жазуынша, кейде алаяқтар риэлтор ретінде әрекет ететін жағдайлар бар. Сондай-ақ екі жақтан да пайыз алу тәжірибесі дұрыс емес деп санайды сарапшылар. 

«Риэлторлар мүлдем шектен шықты. Неліктен шарттар біржақты?  Егер келісімшартқа отырсақ, әділ болайық: пәтерді белгіленген мерзімде сатпаса, міндеттемелерді орындамағаны үшін және босқа кеткен уақытым үшін айыппұл төлеңіз. Неліктен барлық жауапкершілік, тәуекелдер мен шығындар тек үй иесіне жүктеледі? Мен тек ақша ғана емес, өзімнің уақытымды да жоғалтамын. Риэлторлармен жұмыс жасау біржақты міндеттемелермен тұзаққа айналмауы керек», — дейді экономика және аналитика саласының маманы Қанат Оспанов. 

Заңнамалық өзгерістер

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов риэлторлық қызметті реттейтін арнайы заң бабы әзірленіп жатқанын жазды. Енді осы «бассыздыққа» заң деңгейінде тосқауыл қойылатын шығар. Қазір  «Тұтынушының құқығын қорғау туралы» Заң аясында риэлторлық қызметті реттейтін жеке бап әзірленіп жатыр. 

Сатушыға кеңес

1. Өз бетіңізше сата алмай, риэлторға жүгінген кезде, келісімшартты толық оқып, барлық талаптарын мұқият түсініп алыңыз. 

2. Егер түсініксіз жерлері болса, интернетке салыңыз немесе жасанды интеллектке жүгініңіз. 

3. Туыстарыңыз немесе таныстарыңызға сататын болсаңыз, келісімшарттағы талаптарды алдын ала орындап, өзіңізді сақтап алыңыз.  

4. Риэлтормен жұмыс кезінде барлық ақпаратты жазбаша түрде сақтаңыз. 

5. Уақыт пен қаржы шығынын да алдын ала есептеп алыңыз, себебі 90 күн ішінде шығын шығуы мүмкін.