Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы islam.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Арақ ішу – Исламда ауыр күнәлардан саналады. Қасиетті Құранда «шарап — лас, шайтанның істерінен» делінсе, хадис шарифте: «ішімдіктің азы да, көбі де харам» — деген. Басқа бір сөзінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Араққұмар – пейішке кірмейді» дейді[1].
Ендігі жерде, арақ ішкен адам намаз оқуы керек пе, әлде қырық күнге шейін, оқымай жүруі тиіс пе, деген сауал туындап жатады. Оған қатысты айтарымыз:
Арақ ішкен адам тәубеге келіп, құлшылығын жалғастыруы керек. Арақ ішкені себепті намаз оқу міндетінен босатылмайды. Қайта намаз — күнәсіна тәубе етудің бірден бір жолы. Өйткені, Құранда: «Неайтқандарыңды білгенге шейін (намазға жақындамаңдар)», — делінген[2]. Бұл – намаздың қаншалықты маңызды құлшылық екендігін көрсетеді.
Ондайда ғұсылдану ерікті іс. Дәрет алумен шектелуіне де рұқсат.
Алайда, ішімдік ішкен кісінің оқыған намазының қырық күн бойы сауабы болмайды. Тек, мойнындағы намаз оқу міндетінен құтылған болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Кімде-кім, шарап ішіп мас болса, оның қырық күн (сабахән) намазы қабыл болмайды. Одан кейін күнәсіне тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етіп кешіреді…»[3].
Хадис шәрифтегі «қабыл болмайды» деген сөз – оқыған намазына сауап жазылмайды дегенге ишара. Бұған қатысты ғұлама Имам ән-Нәуәуи былай дейді:
«Намазынын қабыл болмауы – оқыған намазының сауабы болмайды деген мағынада. Десе де, мойнындағы намаз оқу міндетін өтегенге саналып, кейіннен ол намаздардың қазасын оқудың қажеті жоқ»[4].
Алла Тағала баршамызды тура жолына бастап, теріс шайтанның жолына түсіп кетуден сақтасын!