Лондондағы Олимпиаданы есепке алғанда допинг-тестің оң нәтижесін жасыру үшін "өте көп қаржы жұмсалды" дейді Родченков. Оның сөзінше, "допинг-тестің нәтижесі сатылған". Спортшылар жаттықтырушыларына ақша берген, ол қаржы Жеңіл атлетика жөніндегі халықаралық қауымдастыққа жөнелтілген. Ақшаны беруге Ресейдің спорт министрінің кеңесшісі Наталья Желанованың өзі қатысқан деп есептейді Родченков.
Фильмде сонымен бірге спорт министрі Виталий Мутконың қатысы бары да айтылады. Мұнан бөлек ресейлік спорт министрі мен оның кеңесшісінің Бүкіләлемдік допингке қарсы қауымдастыққа Ресей спортшыларына қатысты тергеуді тоқтатуға ықпал еткендігі де баяндалған.
ARD Ресей спортындағы допинг жөніндегі фильмді бірінші рет 2014 жылдың желтоқсанында түсірген. Бұл фильм жарыққа шыққаннан кейін, Бүкіләлемдік допингке қарсы комиссия жеке зерттеулерін жүргізіп, ресейлік спортшылардың тыйым салынған препараттарды қолданып, халықаралық тәртіпті жүйелі түрде бұзғанын анықтаған.
Ресей Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығы федерациясы аясындағы жарыстардан шеттетілді. Мамыр айының ортасында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах допингке қатысты жанжал үшін Ресей құрамасын биыл Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарынан шеттету мүмкіндігін айтқан.