Ардагер журналист мұражайға өзі пайдаланған жазу машинкасын тапсырды. Бұл машинканы кезінде Ахат Жанаевқа қазақтың классик ақыны Әбділда Тәжібаев сыйлаған екен. Сонымен қатар журналист мұражайға өзі ұзақ жылдар қолынан тастамай, талай адамның дауысын жазып алған репортерды берді. Сондай-ақ ардагер журналист мұражайға Ресейде ХХ ғасырдың басында шығарылған самаурынды берді. Бұл жәдігер іргетасы 1825 жылы қаланған танымал «Баташев» фирмасынан шығарылған.
«Ахат ағаның жасы сексенге келіп қалды. Біз ол кісіден қаламыз бен облысымызға қатысты тарихи оқиғаларды, шежірелерді сұрап білеміз. Кеңес алып отырамыз. Мысалы, ескі фотосуреттер қолымызға түссе, кейбір танымаған адамдарымызды анықтауымызға көмектеседі»,- дейді Қызылорда облыстық мұражайдың мемлекет тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Аманкүл Нұржанова.
«Біздер мұражайда экспонаттарды кезең-кезеңімен орналастырамыз. Жылжымалы көрмелер өткіземіз. Мысалы, осы Сыр өңірінде ХІХ-ХХ ғасырларда тауар айналымы жақсы жүрген. Үлкен жәрмеңкелер болған. Орталық Азия, Кавказ халықтарының тауарлары айналымда болған. Сондай-ақ Сыр бойына Ресейдің ыдыс-аяқтары сол кезде келген. Баташев фирмасының самаурындары мен құмандары жақсы сұранысқа ие болған. Тақырыпқа байланысты біз сол кезнің мұраларын көрсететін көрме жасаймыз. Әр түрлі ұлттардың бұйымдары бойынша да тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. Сол кезде осындай мұраларды пайдаланамыз»,- дейді Аманкүл Нұржанова.