Арғын, найман бiр туған, шөмекей мен келiмбеттi кiм туған? - kaz.caravan.kz
  • $ 506.21
  • 568.42
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
15 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Арғын, найман бiр туған, шөмекей мен келiмбеттi кiм туған?

Арғын, найман бiр туған, шөмекей мен келiмбеттi кiм туған?

Найман атауы VIII-IХ ғасырда Қытайдың Таң дәуiрi тарихатында (Таң шу) жазылғаны белгiлi. Онда «нә(й)м тұғлы» тұлғасында ұшырасады. Таң дәуiрi тарихатында наймандар қимақ/ кимектермен қатар аталады. Бұл екi тайпаның екеуi де сол кезде Алтай тауы мен Ертiс өзенiнiң бойында қоныстанып тұрғаны туралы деректер «таң шуда» жазылып қалған.

  • 20 Қыркүйек 2013
  • 5728
Фото - Caravan.kz

Шетелдiк һәм отандық тарих зерттеушi ғалымдардың пiкiрiне қарағанда, тарихтағы «сегiз оғыз» тайпа бiрлестiгiн моң­ғолдар «найман» [нәймiн] атаған көрiнедi. Бiздiң «сегiз» деген сан есiмiмiз моңғол тiлiнде «найм» [нәйм] деп айтылады. «Найман» атауымыз моңғолдың «сегiз» деген сан есiмiне зат есiм тудырушы «н» жұрнағы жалғануы арқылы пайда бол­ған көрiнедi. Ру/ тайпалар бiрлестiгi екенiн «тұғлы» сөзi айқындайды. Ежелгi және ортағасырлар көшпендi халықтары жаугершiлiкте «ұран» шақырып, әр ру/ тайпа өзiнiң «туын» (тұғ~ тұг~ ту) жалаулатып шығатын болғаны бүгiнгi жалпы адамзатқа көшпендi түрiк мәдениетiнен ауысқан түсiнiк екенiн еуроорталықтық көзқарастағы тарихшылар да мойындай бастаған сыңайлы. Жоғарыда айтылған «нә(й)м тұғлы» сөз тiркесi де наймандар сегiз ру/ тайпа бiрлестiгi болғанының дәлелi екенiн көрсетiп тұрған сияқты.

Бүгiнгi күнгi Орта жүз құрамындағы тайпа «тоғыз таңбалы найман» аталатыны – жалпы қазақ жұртына белгiлi жай. Соған қарағанда, бiр тайпа таң тарихатына жазылған кезден кейiн қосылғаны осы атаудан көрiнiп тұрғандай. Өйткенi найман iшiндегi бiр ру «терiстаңбалы» аталады. Шежiреде бiр руға таңба жетпей қалғанда бiр таңбаны терiс жағынан басқандықтан, «терiстаңбалы» аталған делiнедi. Ортағасырлар тарихындағы «тоғыз оғыз» бiрлестiгi «терiс таңбалы» ру/ тайпа қосылған кезден кейiнгi уақытта пайда болған деп тұжырымдауға келетiн сияқты. Қазақ мемлекеттiгiнiң тарихын зерттеушi ғалым Зардыхан Қинаятұлы бiр еңбегiнде наймандар «сегiз өзеннiң бойын мекендеген халық» бол­ғандықтан, моңғолдар «найман» атаған деп түсiнiктеме берген. Қалай десек те, «найман» атауы «сегiз» санына қатысты шыққаны талас тудырмаса керек. Осы айтылған деректер негiзiнде наймандар оғыз тектi халық екенi дәлелденедi деп тұжырымдаймыз.

Оғыз «ұр/ ұз» түбiр сөзiнен, яғни мифтiк iлкi ата-ана «жыланнан» шыққан халық екенi газетiмiздiң бұдан бұрынғы санында жазылған. ХII-ХIII ғасырда Моңғол үстiртiн мекен еткен наймандардың көсемiн өздерi Байбұқа атаса, қытай Таян хан атағанын «Моңғолдың құпия шежiресiнен» бiлемiз. Қытай тiлiндегi «үлкен немесе ұлы хан» деген мағынадағы «да уаң» лауазым атауы түрiк тiлiнiң үндестiк заңына бейiмделiп, «таян» тұлғасына өзгергенi айқын. Сержан Ақынжановтың «Қыран – Қадыр хан» пiшiнiне келтiрсек, найман көсемi «Байбұқа – Таян хан» болады. Байбұқа – Таян ханның есiмiне ауысқан түрiктiк лауазымы. Лауазым атауындағы «бай» сөзi «үлкен, бiрiншi, тұңғыш» деген мағыналарды бiлдiретiнiн бүгiнгi қазақтың «бәйбiше» сөзiнiң мазмұнымен түсiн­дiруге болады. Сержан Ақынжанов «Қыпшақтар» монографиясында «Бука – большая змея» деген лауазым атауы екенiн Махмут Қашқари еңбегiне сүйенiп көрсеткен. Махмут Қашқари сөздiгiнде «бүке» тұлғасында жiңiшке дауыстылармен жазылғанына қарап, әйгiлi сөздiк ХI ғасырда оғызтiлдi ортада дүниеге кел­генiн көремiз. ХII ғасырда Моңғол үстiртiн мекен еткен найман мемлекетiнiң этникалық құрамы оғыздар болғанын найман ханы Байбұқаның түрiктiк лауазымы да дәлелдеп тұрғанының куәсi боламыз.

Қазақ тiлiнде «қатын-қалаш», «қыз-қырқын» деген екi түрлi тұлғадағы бiр мәндi бiлдiретiн қосарланған сөздер бар екенi жалпы жұртқа белгiлi. «Қалаш» сөзi о баста «лашын» құс атауынан туындаған сөз екенiн ең алғашқы мақаламызда жазғанбыз. Осы қосар атауларды моңғол тiлiне аударсақ, «авгай-мавгай» [ауғай-мауғай], «хүүхэн-мүүхэн» [күүкiн-мүүкiн] болады. Моңғол атауының құрамындағы «ғай», «кiн» сөздерi бiздiң талдауымыздағы «қай», «қан», «кей», «кен» жылан мағынасындағы түбiр сөздерден туындап, моңғол тiлiнiң үндестiк заңы бойынша сәл өзгерiстерге ұшыраған сөздер екенiн аңғарамыз. Әйел затына қатысты атаулар құрамында айтылатыны – мифтiк iлкi анаға қатысты шыққан атаулар екенiн бiлдiрсе керек. «Мүүхэн» сөзiн талдасақ, сөздiң басындағы «м»-нiң «б» әрпiне өзгеретiн заңдылық бар. Бұдан моңғол тiлiндегi «мүүхэн» сөзiндегi зат есiм тудырушы «н» жұрнағын қалдырсақ, Махмут Қашқари сөздiгiндегi «бүүке~бүке» бүгiнгi «жылан» атауына ораламыз. Бұдан «Лашын мен Бұқа» мифтiк iлкi анаға қатысты атау­лар екенiн аңғаруға болады.

Қазақтың «арғын» тайпасының шығу төркiнiн тарихи кесенелердi қалпына келтiрушi, тарихшы Марат Сенбi: «Ғалымдар «ар­ғын» атауын «солтүстiк» деген мағынадағы моңғолдың «ар» сөзiмен «ғұн» сөзiнiң бiрiгуiнен шыққан деп талдайды», – деген мәлiмет берген едi сұрағанымда. Ежелгi моңғолдың солтүстiк-шығысында «Аргунь» өзенi ағатыны белгiлi. Бұл өлке ежелгi хұндардың шет аймағы есептелетiнi тарихи әдебиеттерде де айтылады. Сержан Ақынжанов «ұран-қай» тайпасы Моңғолияның солтүстiк-шығысы мен Ман­жұрияның батыс шебiнде қа­лыптасқан деп жазғанына қа­рағанда, «арғын» тайпасы ата­у­ының бiздiң талдауымыздағы «ұр», «ұз», «қай», «қан» тайпасы атауына қатысы бар деп қарастыруға болатын сияқты.

Гильом де Рубруктың естелiк кiтабында Мөңке қағанның ордасына бара жатқан жолда 12 күн Қайлақ қаласында тұрақтағанын жазады. Қала орналасқан жердiң бұ­рын осы жердi мекен еткен «органум» атты халықтың атымен аталғанын, кейiн «туркомандар» жаулап алғаны жөнiн­де дерек қалдырған. Осы «органум» атауындағы латын тiлiнiң «ум»  суффиксiн қалдырсақ, «орган» атауы қалады. Түрiк тiлдерiндегi «ұ» дауыстысымен «о» дауыстысы ауысатын ерекшелiктi ескерiп, «ган» дегендi үндестiк заңының ықпалынан болған деп қарап, «қан»-ға алмас­тырсақ, «ұрқан~ орқан» атауы шығады. Жаһангер тақуа жергiлiктi «түрiкмен» адамдар аузынан естiген «орқан» деген сөздi өз тiлiнде «органум» деп жазып алған болса керек. «Ұр-қан~ ор-қан» қосарлы атау «жылан» мағынасындағы сөздер екенiн бiлемiз. Бұдан «орган~ ор­қан~ орқын~ орғын~ арғын» атауы шыққан деп болжауға болатын сияқты. Әри­не, бұл орайда сөздiң басында кезде­сетiн «ұ~о~а» дауыстыларының алмасу мүмкiншiлiгiн бiзден гөрi әлдеқайда бiлiктi кәсiби тiл мамандарының үлесiне қалдыра тұрамыз да, өз кезе­гiмiзде, «ор­ганум» атауының «арғын» атауына қатысы бар деп қарастырамыз. Бұған «Арғынаты» топонимi дәлел бола алады деп көремiз. Осы жазылғандар негiзiнде «арғын» тайпасын «ұр» диа­лектiсiндегi «жылан» тайпасы деп болжаймыз. Бұған қа­рағанда, «ұр», «ұз» диалектiсiндегi «арғын» мен «найман» тегi бiр тайпалар еке­нiн көремiз. Сондай-ақ, «арғын, найман бiр туған» деген қа­лыптасқан сөз тiрке­сiмiз бiз жасаған болжамды растайды деп ойлаймыз. Арғындар наймандармен бiрге VIII ғасырда Алтай мен Қаңқай (моң­ғолшасы – Хангай) таулары аралығында Орхон өзенi бойын мекен еткенi жөнiнде моңғолдың «Орхон» [орхын] атауында сақталып қалған-ау шамасы деген ерiксiз ойда қаласыз. Бұл мақалада айтылған тұжырымдамаларды VIII ғасырда тұрғызылған «Күлтегiн ескерткiшiндегi» мәлiметтер де растайды.

Абақ керей iшiнде «қарақас» атты ру бар. Тарихтағы қарақастар керей тайпасы моңғол үстiртiн мекендеген заманнан белгiлi екенiн бұдан бұрынғы мақаламыздың бiрiнде жазғанбыз. Қайта оралатын себебiмiз – бiздiң зерттеуiмiз бойынша бұл ру атауы да «қай» түбiрiнен шығатындығы. Академиялық тарихшымыз Ю.Зуев өзiнiң бiр зерттеуiнде Шыңғыс қағанның «қият» тайпасының шығу төркiнiн түбiрi көне түрiктiң жартас мағынасындағы «қайа» сөзiнен туындаған деп талдаған. «Жартас» тәңiршiлдiк наным-сенiмде аталық бастау мәнiне ие болатындықтан, ер адамның тәнiн де бiлдiретiнiн бүгiнгi анайы сөз қолданысымызда сақталғанынан бiлемiз. «Тас» зат есiмiне «ақ» жұрнағы қосылып, баланың мүшесiн бiлдiретiнi де сондықтан. Ата жануар жылқының мүшесiн қазақ «қаса» дейдi. Соған қарап, сөз соңындағы «й», «с»-ға алмасатын заңдылық бар екенiн бiлетiн боламыз. «Қарақас» сөзiнiң соңындағы «с»-ты «й»-ге алмастырсақ, сөз тұлғасы «қара қай» болып өзгередi де, яғни «қара жылан» деген ұғымды бiлдiредi. Ал «ақ жылан» десек, «ақ қай» түрiнде айтар едiк. Алайда «Ақай – Ақан» деген кiсi аттары «ақ қай» атауынан «қ»-ның ықшамдалуы салдарынан шыққан болуы әбден мүмкiн. Бұдан «Ачино» сөзiнiң басындағы «а» қытай тiлiнiң ықпалынан келген деп қарау ағат пiкiр болуы мүмкiн екенiн көремiз.

Қазақ киiз үй тiккенде, жаңбыр суы кiрмес үшiн iргенi морлайды. Яғни үй iргесiн айналдыра шұқанақ қазып, жер ыңғайына қарай есiктiң екi босағасына келгенде екi ұшын қайырып, иiп қазады. Жоғарыдан қарағанда құдды аттың тағасы немесе етiктiң өкшесiне тағатын нәлге ұқсас көрiнедi. Бұ­ның практикалық мәнi – үйге жаңбыр суын кiргiзбеудiң амалы. Атызға су жiбе­ретiн осыған ұқсас ұзынынан қазылған шұңқырды бiз «боразда» деп атасақ, орыс пен мажар тiлiнде «борозда», «bo­rozda» [бұрұздо] дейдi. Бұл атаулар қа­зақ тiлiндегi «мор» түбiр сөзiнен туында­ғанын байқаймыз. Бұл атауды жiңiшке дауыстыға өзгертсек, «мөр» сөзi шығады. Дөңгелек бедерлi таңбаны «мөр» атай­­­тынымыз сондықтан. Моңғол тiлiн­дегi «мөр» қазақтың «iз» деген сөзiмен мәндес.


Кiшi жүз құрамындағы «шөме-кей» мен «келiмбет» руының таңбасын Мұқаметжан Тынышбаев үстiнде көлденең сызықшасы бар тоңқай­ған найман («V» таңбасы «аша», «аса» деп екi түрлi аталады) таңбасымен «», сондай-ақ «Ω» морға ұқсас және бiр таңбамен көрсеткен. «Шөмекей» ру атауын жуан дауыс­тыларға өзгертсек, «шомақай» тұлғасы пайда болып, бiздiң талдаудағы атауымыз «қай» мен «кей» түбiр сөздерiнен туындаған сөздер екенiнiң куәсi боламыз. Қазақ тiлiнде түрiк тiлдерiндегi «ш» көбiнесе «с» дауыссызы болып дыбысталады. «Шомақай» ата­уын осы ерекшелiкке икемдеп, бiрiншi буындағы «о»-ны «ұ~у»-ға өзгертетiн болсақ, талдап отырған атауымыз «сумақай», яғни «су жылан» деген ұғымға айналады. Суға тол­ған «мор» мифологиялық түсiнiкте үйдi орап жатқан «жыланды» бейнелеп, «қорғаушы кие» сипатына ие болады. Бұл екi рудың «ұраны» «сарқасқа» аталатыны тiптен де қызық. Мұқаметжан Тынышбаев «сарқасқа» дегендi «знаменитый скакун» дегенiн, бiз сөз соңындағы «қа» буынын қысқартсақ, «сар­қас~сарқай» болып құбылады. «Сар» мен «қай» жылан дегендi бiлдiретiнi бұдан бұрын­ғы мақаламызда айтылған. Атаулар мен таңбалар ұқсастығына қарап, «шөмекей» мен «келiмбет» рулары да «қай», яғни «жыланнан» шыққан «оғыз» тайпасынан екенiн осы айтылғандар негiзiнде тұжырымдауға болатын сияқты. 

Мақаланың өн бойында кездесетiн «ұр, ұз, қай, кей, қан, кен» атаулардың барлығы – «ұран-қай» хұн тайпасы атауының түбiрлерi. Осы мифтiк iлкi ата-ана «жылан» деген ұғымдағы атаулар кейiн түрiк-моңғол (мысалы, «хан» атауы) тiлдерiнде тайпа көсемдерiнiң лауазымын бiлдiретiн болған. Уақыт өте келе, кiсi аттарына ауысып, одан ру/ тайпа атауларын бiлдiретiн ұғымға өзгергенi жеткiлiктi дәрежеде түсiнiктi болды ғой деп ойлаймыз. Мысалы, «тарқан» лауазымы ер адамға қатыс­ты айтылса, «теркен» әйел адамға айтылады. «Теркен-қатын» деп тарихи әдебиеттерде қосарланып жазылатыны да белгiлi. Бұны екi түрлi тұлғадағы бiр мәндi бiлдiретiн сөздер деп қараған жөн. Бұдан қазақ тiлiндегi «дәргей» сөзi мен моңғолдың бастық мағынасындағы «дарга» [дарғы] сөзi туындаған. «Дарқан» бiзде кiсi есiмi екенi белгiлi. Алайда моңғол тiлiнде бұл атау «ұста» деген мағынаны бiлдiредi. Мифтiк кейiпкерiмiз «құс» пен «жыланға» ежелгi сақ дәуiрiнде, мүмкiн, одан да бұрын пайда болып, хұн тектi халықтардың наным-сенiмдерiмен ұштаса сабақтасып келе жатқан түрiктiк төл мәдениетiмiз деп қарағанымыз дұрыс.         

Хұн халқы күнге табынған делiнедi. Күнге табынатын халықта «сары» түс, «алтын» металл сокральдық мәнге ие болатындықтан, оларда жылан «сар­қай» немесе «сарқан» деп аталғанын мажар тiлiндегi айдаһар мағынасындағы «sárkány» сөзiмен түсiндi­ремiз. Бұдан мифтiк «жылан» ежелгi түрiктiң қорғаушы киесi болғанын болжаймыз.

Қорғаушы кие «жыланның» бейнесiмен «Күлтегiн ескерткiшi» де көмкерiлiп тұрғанын (суретке қараңыз) көремiз. Соған қарағанда, бұл кейiпкер күнге табынған хұндардан көк түрiктерге мұраға қалған сияқты. Сондай-ақ, ортағасырлардың сәулет ескерткiштерi санатына жататын «Арыстан баб», «Ахмет Яссауи», «Айша бибi» кесенелерiнiң сыртқы кiреберiстегi қақпасы да күмбезделiп, екi жақтағы босағаның бойымен төгiлiп, жұмырланған әшекеймен безендiрiлгенiн байқаймыз. Бұлар да хұн дәуiрiнен берi қарай сабақтаса жалғасып келе жатқан ежелгi көшпендi мәдениетiмiздiң бiзге жеткен жұрнағы iспеттi. Ортағасырларда еуропалық қалалар мен қорғандар да iргесiн терең қазып, суға толтырып, шапқыншы жаудан қорғанғанын бiлемiз. Бұдан «Жiбек жолының» бойымен сауда жасап келген отырықшы халықтар өздерi менсiнбей қарайтын «номадтардан» мәдениет түрлерiн көптеп үйренген десек, артық айтқандық болмас, сiрә.

Түрiк халықтарының қала атаулары «қант», «кент» деген атаулармен қосарланады. Бұл атаулар «қан», «кен» тұлғасындағы түбiр сөзден туындайтыны дау тудырмаса керек. Бiздiң «Сарқант» қала атауын славяншаға аударсақ, «Ужгород» қала атауы шығады. Хұндардың атының тұяғы жеткен Мажар елiнде «Debrecen» [Дәбрәцән] атты қала бар. Оны қазақшалайтын болсақ, «Темiр­кен(т)» түрiнде айтылып, қала атауы түрiк нұсқасымен мән-мағынаға ие болады. Мажар тiлiнде құр ғана қала атауы екенiн бiлемiз. Со­нымен, осы жазылғандар негiзiнде «Күлтегiн ескерткiшiндегi» «жыланның» бұрын­ғы ата­уын қайта қалпына келтiретiн болсақ, «сар-қай» немесе «сарқан» болады деп топшылаймыз.

Мұқаметжан Тынышбаев кесте­сiндегi қазақ рулары таңба-ларының пiшiн ұқсастығына қарап, мифтiк жыланнан шығатын рулар бiздiң болжамымыз бойынша:

Ұлы жүзден: сыйқым, жаныс, шымыр, ысты, ойық, сiргелi, қаңлы, шанышқылы.

Орта жүзден: Бағаналы, Қаракерей, Матай, Садыр, Бура; Қоңырат, Қыпшақ.

Кiшi жүзден: адай, алтын, жаппас, таз, есентемiр, тана, алаша, шеркеш, ысық, қаракесек, шектi, керейт (қыпшақ таңбасы), тама.

Жылан «ысылдайды»: түрiк бiтiгiнде жiңiшке дауысты «с» – «I» таңбамен белгiленген. Жуан дауыстысы сол жақ бүйiрiне жантайыңқыраған иректеу келiп, үстiңгi үштен бiр бөлiгiнде ирек мүйiзi бар таңбамен «» белгiленедi. Бұл екi түрлi пiшiндегi таңбаны қазақ «аша» немесе «аса» деп атайды. Пиктограмма мен аутограмма зерттеушiлердiң негiзгi шаруасына жатады.   

Қазақ аңыз, ертегiлерiнде кездесетiн құс пен жылан кейiпкерлерi арқылы ата-бабалар қалдырған ұшан-теңiз өсиеттiң шет пұшпағын ғана көрсете алған болсақ, бiз өз мiндетiмiздi шама-шарқымызша орындадық деп есептеймiз.   

Марат УАТҚАН, тарих зерттеушiсi

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мухамеджан Тынышпаев. Великие бедствия и великие победы казаков (Актабан-шубырынды). Алма-Ата, Жалын, 1992.

2. Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана. Алма-Ата. «Наука», Казахская ССР.

Мақала автордың рұқсатымен жарияланды